ШҚО әкімі жазатайым оқиғаға байланысты «Шығыстүстімет» және KAZ Minerals басшылығымен кездесу өткізді

ШҚО әкімі жазатайым оқиғаға байланысты «Шығыстүстімет» және KAZ Minerals басшылығымен кездесу өткізді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданындағы Артемьев шахтасында болған жазатайым оқиғаға байланысты «Шығыстүстімет» ЖШС мен KAZ Minerals тобының басшылығымен кездесті.

Еске салсақ, 30 мамыр күні кешке кәсіпорында жұмысшы көз жұмған болатын. Компанияның мәліметінше, қайғылы оқиға тау жынысының опырылуы салдарынан болған. Оқиғаның мән-жайы заңнамаға сәйкес анықталып жатыр.

Кездесу барысында аймақ басшысы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кәсіпорын мен уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі жедел жүргізілуінің маңызын атап өтті.

Жиында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Нұрымбет Сақтағанов қауіпсіздік техникасы талаптарының қатаң сақталуы, бақылаушы органдар нұсқамаларының уақтылы орындалуы және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдаудың маңыздылығын жеткізді.

KAZ Minerals компаниясының өкілдері еңбек қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмысты одан әрі жетілдіруге дайын екендерін мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі өндірістік нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған қосымша шараларды қарастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеп, оларды салалық министрлікке жолдауды тапсырды.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).