ШҚО-дағы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында заманауи ДШСК салынды

ШҚО-дағы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында заманауи ДШСК салынды

Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар ауылында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты.

Құрылыстың бас мердігері – «QK SUNQAR» ЖШС.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облысымызда бұқаралық спорт жүйелі түрде дамып келеді. Тарбағатай дегенде ең әуелі ауданның сайдың тасындай волейболшылары еске түседі. Жаңа кешенде тек волейбол емес, басқа спорт түрлерінен де көк туымызды көкте желбіретер чемпиондар шығады деп сенемін!», - деді Нұрымбет Сақтағанов. Сондай-ақ ол микроавтобус сертификатын табыстады.

Спорт нысанының жалпы аумағы 1 200 шаршы метрден асады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені заманауи талаптарға сай толық жабдықталған және бір ауысымда 47 адамға дейін қабылдай алады. Спорт залдары қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ғимаратта жуыну мен киім ауыстыру бөлмелері, медициналық кабинет және жаттықтырушылар бөлмесі қарастырылған.

Кешенде баскетбол, волейбол, шағын футбол, теннис, бадминтон, бокс, қазақ күресі және ауыр атлетикамен айналысуға мүмкіндік бар.

Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған концертке барып, Ақжар ауылындағы аллеяға көшет отырғызу рәсіміне қатысты.

Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ақжар ауылындағы ипподромда өткен ардагерлер арасындағы ашық ауданаралық көкпар турнирін тамашалады. Әр команданың құрамында 12 адамнан болды. Жарысқа Тарбағатай, Ұлан, Зайсан, Күршім және Самар аудандарынан келген, 50 жастан асқан ардагер көкпаршылар қатысты.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).