
Шығыс Қазақстанда балық ресурстарын сақтау және балық шаруашылығы су айдындарын тазарту мақсатында өткен «Таза су айдындары» жыл сайынғы табиғатты қорғау акциясы аяқталды.
Бір айға созылған акцияға Шығыс Қазақстанмен қатар Абай және Павлодар облыстары да қатысты.
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, жұмыстарға 457 адам мен 157 техника бірлігі жұмылдырылды. Зайсан-Ертіс бассейнінің жағалау аумақтарынан 41 тоннадан астам қоқыс жиналды. Траление әдісі арқылы су айдындарынан 450 иесіз балық аулау торы шығарылып, жойылды. Аумақтар мен су айдындарын тазарту жұмыстары балық шаруашылығы субъектілері мен еріктілердің қатысуымен жүргізілді.
Сонымен қатар акция аясында мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өтіп, су айдындарын сақтау мен табиғатты қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Инспекция өкілдерінің айтуынша, ШҚО-да балық шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. 2030 жылға қарай тауарлы балық өндіру көлемін 9,5 мың тоннадан асыру жоспарланған. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 3746 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта оның 1100 тоннасы өсірілді.
Ведомство мәліметінше, өңірде үш форель шаруашылығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасының таулы бөліктерінде жаңа торлы желілер құрылуда.
Бұдан бөлек, көл және тоған шаруашылықтары тұқы тұқымдас балықтарды өсірумен айналысса, қуаттылығы 45 тонна болатын бассейндік бекіре шаруашылығы бекіре тұқымдас балықтарды өсіруде.
Саланы дамытуда инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы инвесторлар салған 600 миллион теңге қаржының арқасында «Алтай форелі» ЖШС-ға Бұқтырма су қоймасындағы учаске торлы балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілді. Сонымен қатар тағы екі учаскені бекіту бойынша келісімдерге қол жеткізілді.