Шығыс Қазақстанда жоспарлы "Жұмыспен қамту жол картасы" жобалары аяқталуда

Шығыс Қазақстанда жоспарлы "Жұмыспен қамту жол картасы" жобалары аяқталуда

ШҚО-да Жұмыспен қамту жол картасының 765 жобасын іске асыру аяқталды. Осы бағдарлама аясында облыста 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Облыста ғимараттарды қайта жөндеу, жаңа нысандар салу, көшелерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның нәтижесінде аймақтың келбеті ажарланып, көркейіп келеді. Әлемдегі ағымдағы жағдай барлық елдердің экономикасын баяулатқанына қарамастан, биыл Шығыс Қазақстан облысында 819 жоба жүзеге асырылып, оның 787-сін осы жылдың 1 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бұл жобалар қалалармен қатар, аудандар мен шалғайдағы ауылдардың дамуына оң әсер етеді. Жаңа ғимарат салынып жатқан жерде тұрғындар үшін жайлы және заманауи орта қалыптасса, еңбек етуге ниетті азаматтарға жаңа жұмыс көздері көбейеді.
- Қараша айында Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы бойынша 27 жобаны аяқтау қажет, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов. - Алты ірі жоба, атап айтқанда Өскемен қаласындағы әуежай, Үржар ауылындағы аэровокзалдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, Семейде Қарағайлы шағын ауданына, Өскемендегі Есенберлин даңғылынан Жібек жолы көшесіне және Қазыбек би даңғылынан Алматы трассасына дейінгі аралықта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу, сондай-ақ Онкология және хирургия орталығының реанимация, маммология және гинекология бөлімшелерінің операциялық блогын жаңғырту сияқты жобалар келесі жылға көшіріледі.
Айта кетейік, облыста Жұмыспен қамту жол картасы аясында 247 шақырым жол жөнделді, 14 ауруханада және 262 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық негізгі жобалар, оның ішінде кварталішілік су құбыры тораптары мен кәріздерінің, сондай-ақ 19 шағын ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы бітті. Семей қаласындағы үлкен көпірді жарықтандыру және Абай ауданы Қарауыл ауылындағы Ұлы ақын атындағы саябақтың жобасы аяқталуда.