
Елімізде қаламен қатар, шалғайдағы ауылдарды да орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі әлі де өзекті. ШҚО-нда биыл бұл бағытта 139 жоба жүзеге асырылуда, оның 92-сі желтоқсан айының соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде, 20 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
Жалпы, өңір халқының 90,5%-ы, 683 елді мекеннің 462-сі бүгінде орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізген. Жаңа жылға дейін 7 мыңға жуық халық тұратын 51 ауылдық елді мекендерде блокты-модульді станциялар орнатылады. Қазіргі уақытта жоспарланған 585 шақырым құбыр желілерінің 476-сы төселді.
- Облыстағы барлық ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Бұл алдағы үш жылға қойылған басты міндеттің бірі. Сондықтан, жоспарланған жобалардың барлығы мерзімінде орындалып, тапсырылуы тиіс, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Айта кетейік, сумен қамтылу деңгейі орташа облыстық көрсеткіштен төмен алты аудан үшін жалпы құны 13,0 млрд. теңгеге қосымша 28 жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Келер жылы 126 жобаны жүзеге асыру жоспары тұр.