ШҚО жаңа жедел жәрдем көліктерін алды

ШҚО жаңа жедел жәрдем көліктерін алды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының санитарлық автокөлік парктері осы өңірде шығарылған 60 жаңа жедел жәрдем көліктерімен толықты.

 

Облыстық бюджет қаражатына сатып алынған жаңа жедел жәрдем көліктерін өңір басшысы Даниал Ахметов жеке қарап шықты. Басты ерекшелігі көліктер жергілікті "СЕМАЗ" ЖШС шығарылған. Олар ШҚО және Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханаларының станцияларында сап түземек.

Аймақ басшысы жақын арада облыстың қалалары мен аудандарындағы барлық жедел жәрдем бөлімдеріне жол тартатын бұл отандық өнімге оң бағасын берді.

– Бүгін бізде 60 данасы дайын, оның 40-ы Өскеменге жіберіледі. Жедел жәрдем көліктері медициналық қызмет сапасын арттырады. Біз олардың науқастарға қысқа уақыт ішінде жедел жетуін қамтамасыз етуіміз керек. 13 қарашада тағы 40 көлік дайындалады, олардың барлығы Семей қаласының жедел жәрдем бөліміне беріледі. Бұл нормативтік деңгейден екі есе артық. Одан кейін, жыл соңына дейін басқа аудандарды да жасақтаймыз. Бұл шаралар коронавируспен күресте өз септігін тигізетініне сенімдімін, - деді Даниал Ахметов.

Санитарлық автокөліктер барлық халықаралық стандарттарға сай. Олар шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған өкпені жасанды желдету аппараттарымен (ӨЖЖ), ЭКГ, дефибрилляторларн, пульсоксиметрлермен, медициналық төсеммен және басқа да қажетті аппараттармен толық жабдықталған.

Ағымдағы жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарға жалпы саны 216 жедел жәрдем көлігі жеткізіледі.

Айта кетейік, шалғай ауылдардағы тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау ұйымдарына 10 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, жеткізілді. Атап айтқанда, Риддер қаласы, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Глубокое, Абай, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай, Шемонаиха аудандарына.