ШҚО-да құрылыс бақылауы күшейді: айыппұлдар мен тексерулер көбейді

ШҚО-да құрылыс бақылауы күшейді: айыппұлдар мен тексерулер көбейді

Шығыс Қазақстан облысының құрылыс саласы 2025 жылы күшейтілген бақылау режиміне көшті. Кенеттен жүргізілген жоспардан тыс тексерулер саны 40%-ға өсті, ал салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 180 млн теңгеге жуықтады.

Себеп ретінде жүйелі бұзушылықтар мен бақылаудың жаңа тәсілдері аталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары Самат Каирдинов хабарлады.

Бір жыл ішінде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы 240 тексеру жүргізді, оның нәтижесінде жүздеген бұзушылық анықталды. 181 нұсқау берілді, 691 әкімшілік іс қозғалды. Салыстыру үшін: өткен жылы мұндай істер әлдеқайда аз болды.

Арнайы бақылауға – жеке инвестициялар есебінен құрылып жатқан тұрғын үй құрылысы қойылды. Бүгінгі таңда Өскеменде 36 тұрғын үй кешені салынып жатыр, олардың бірнешеуінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Сегіз құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды, әрқайсысына бұзушылықтарды жою бойынша нұсқау берілді.

Ең күрделі нысандар – «Emeralds» және «Astoria» тұрғын үй кешендері. «Emeralds» тұрғын үй кешені бойынша жағдай шиеленісті: құрылысшылар жауапқа тартылған, үлескерлерге келтірілген зиян 1,8 млрд теңгеден асты, ал нысанның дайындық деңгейі тек 35%-ды құрайды. Құрылыс аяқталу мәселесі ведомствоаралық деңгейге шығарылды. Ал «Astoria» тұрғын үй кешені бойынша оңтайлы динамика бар. Жаңа тәсіл мен жаңа серіктестің қатысуымен құрылыс-монтаж жұмыстары қайта басталды, қазір ғимарат каркасы салынып жатыр. Нысанды 2026 жылғы екінші тоқсанда аяқтау жоспарлануда.

Лицензиялау нарығы да өзгеріп отыр. 2025 жылы жобалау, ізденіс және құрылыс бойынша берілген лицензиялардың саны азайды. Сонымен қатар, бақылау күшейді: 156 әкімшілік іс қозғалды, 11 лицензия уақытша тоқтатылды, тағы 7 лицензия жұмысы тоқтатылды.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Ол цифрлық реестрлерді енгізеді, жобаларды сараптау бойынша қатаң талаптар қояды, құрылысшылардың жауапкершілігін арттырады және ғимараттардың негізгі конструктивтік элементтеріне 10 жылдық кепілдік мерзімін белгілейді.

Самат Каирдиновтың айтуынша, жаңа ережелер қиындық тудыратын  нысандардың санын азайтып, құрылыс нарығын үлескерлер мен инвесторлар үшін айқын әрі ашық етуге мүмкіндік береді.