
Қазақстан Президенті қол қойған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілген жаңа өзгерістер медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың әлеуметтік қорғауын күшейтуге бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысында сақтандырылмағандардың үлесі 11%, яғни 80 026 адам. Соңғы бір жыл ішінде олардың саны 25%-ға азайған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар негізгі жаңалықтарды түсіндірді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың ШҚО филиалының директорының орынбасары Ирина Степанованың айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі — жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейту. Енді қоғамдық әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі (D және E) азаматтар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл әлеуметтік осал топтардың медициналық көмектен пайдалану мүмкіндігін арттырады және әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту мәселесіндегі жауапкершілігін күшейтеді.
Тағы бір маңызды жаңалық — жеңілдік кезеңінің ұзартылуы. Бес жылдан кем емес мерзім бойы жарна төлеп келген азаматтар төлемдерді уақытша тоқтатқан жағдайда алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл әсіресе жұмыссыз қалған немесе табысынан айырылған азаматтар үшін өзекті.
2026 жылдан бастап жарналарды есептеу үшін ең жоғары табыс шегі енгізіледі: жұмыс берушілер үшін — 40 ЕТЖ, жұмыскерлер үшін — 20 ЕТЖ. Ставкалар өзгермейді, тек жоғары табысқа қатысты шек өседі. Бұл норма жалдамалы жұмыскерлердің шамамен 9%-ына ғана әсер етеді, ал 91% азаматтар үшін жүйеге қатысу шарттары өзгеріссіз қалды.
Мемлекет 15 әлеуметтік санатқа кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыра береді, соның ішінде балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер және мүгедектігі бар адамдар. Қазақстанда жарна мөлшерлемесі әлі де әлемдегі ең төменгі деңгейде — 2%.
«МӘМС жүйесі әділеттілік пен ортақ жауапкершілік принциптері бойынша дамуда. Оның басты мақсаты — әрбір пациентке уақытылы, сапалы және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету», — деп түйіндеді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Айнаш Құматаева.