
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірлік қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Соның барысында түрлі тақырыптар талқыланып, аймақтың дамуына қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Бүгінде облыстық қоғамдық кеңесте 15 адам және ондағы 10 комитетте тағы 100-ден астам адам бар. Кеңес мүшелері аудандарды аралап, халықпен жиі кездеседі. Сол кезде оларға тұрғындардан түрлі мәселелер бойынша өтініштер түседі. Ал бұл өтініштер жергілікті атқарушы органдарға жолданып, ортақ үйлесімді жұмыстың нәтижесінде нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.
- Өткен жылы облыстың барлық қалалары мен аудандарында халықпен кездестік. 25 мониторингтік рейд, 64 комитет отырысы, 12 саяси клуб отырысы өтті. 50-ден астам өтініш қабылданып, көбі тиісті түсіндіру жұмыстарынан кейін өз нәтижесін тапты. Аудандардағы қоғамдық кеңестерге арналған оқыту семинарын да ұйымдастырдық, - деді ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Аяужан Әшімова.
Қоғамдық кеңес мүшелері аймақ басшысына экология, дәрігер тапшылығы, қоғамдық көлік, қоқыс шығару сынды мәселелерді көтеріп, елді мекендерді көгалдандыру, туризм саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Мемлекеттік қызмет ардагері, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Ольга Кузовлева өз ойын ортаға салып, қоғамды алаңдататын өзекті тақырыптарды көтерді. Өзге де кеңес мүшелері пікірлерімен бөлісіп, маңызды мәселелерді қаузады.
- Әр мәселе мен ұсыныс назардан тыс қалмайды. Келесі жолы өздеріңізбен кездескенде атқарылған жұмыстарды бірге талқылаймыз. Біздің алдымызда жаңа міндеттер мен жаңа талаптар тұр. Тек бірлескен және ашық жұмыстың арқасында ғана жетістіктерге жете аламыз. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп жұмыс істей берейік, - деді Нұрымбет Сақтағанов.