Риддер мен Белоусовкадағы жылыту маусымы қалыпты деңгейде өтіп жатыр

Риддер мен Белоусовкадағы жылыту маусымы қалыпты деңгейде өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Глубокое ауданы мен Риддер қаласына барып, жылыту маусымының өту барысын бақылады.

Әуелі Белоусовка кентіндегі «Востокэнерго» ЖШС-ның жылу қазандығының жұмысымен танысты. Ол 43 көппәтерлі үйді тұрақты жылумен қамтамасыз етіп тұр. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 15,8 шақырым. Қазандықтың орнатылған жылу қуаты - 72,5 Гкал/сағ. Аймақ басшысы өз сөзінде аязды күндері халықты жылумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Одан соң Риддердегі «SHNET» ЖШС қазандықтарының жұмысын көрді. Мұндағы №3 және 6 қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ №4, 5 және 6 қазандықтардың күл шығару арналарының металл құрылымдары жаңартылған.

Ал «Шығыс Жылу» АҚ балансындағы жылу электр орталығында жылыту маусымына орай жоспарланған жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі 100 пайызды құрайды. №1, 2, 4 және 5 қазандық агрегаттары ағымдағы жөндеуден өтті. №3 және №6 қазандықтарды күрделі жөндеу толық аяқталды.

Жылу желілерін жөндеу бойынша жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі – 99 пайыз. Жобаға төрт мердігер ұйым тартылған.

 Қазіргі уақытта орталықтағы көмір қоры 23 155 тоннаны құрайды, бұл 25 тәулікке жетеді. Көмірдің тәуліктік шығыны - 900 тонна. Мазут қоры - 550 тоннадан асады. «Қаражыра» АҚ-мен қаңтар айына жоспарланған көмір жеткізу көлемі - 35 000 тонна.

 Желтоқсан айында көмірдің нақты жеткізілуі 27 мыңға жуық тоннаны құрады. Осы сәтте №1, 2, 3, 5 қазандықтар және №1 турбоагрегат жұмыс істеп тұр.