
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке қабылдап, облыс орталығы тұрғындарын толғандырып жүрген өзекті мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді.
Қала халқы қойған негізгі түйткілдердің қатарында көпқабатты тұрғын үйлердегі лифттердің тозуы, аула аумақтарындағы қоқыс контейнерлерінің ескіруі секілді тұрғын үй-коммуналдық мәселелер болды.
«Азаматтарымыздың қауіпсіздігі – ең негізгі басымдық. Сондықтан лифтілердің апатсыз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі мәселесін міндетті түрде шешеміз», – деді облыс әкімі.
Алдағы уақытта көпқабатты үйлерде 100-ден астам ескі лифт жаңасына ауыстырылады. Қазіргі таңда 48 лифт ауыстырылған. Ал ескі қоқыс контейнерлеріне келсек, биыл Өскемен қаласында 15 контейнер жаңасына алмастырылды. Алдағы уақытта қоқыс контейнерлерін орнату қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын компаниялардың балансына беріледі.
Сондай-ақ қабылдау барысында жеке тұрғын үй секторын ауызсумен және орталықтандырылған жылумен қамту мүмкіндігіне қатысты тақырыптар да көтерілді. Бұл бағыттағы түйткілдер де кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Бұдан бөлек, қала тұрғындары Е.П. Славский атындағы жағалаудағы №20 үйдің 2026 жылы «Халық қатысатын бюджет» байқауына қатысуы, «Металлург-2» және «Энергетик» бау-бақша серіктестіктеріндегі көшелерді жарықтандыру мәселелерін де айтты.
Облыс әкімі барлық өтініштер мен ұсыныстарға жауап беріп, тиісті басқармалар мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Кездесуге қатысқандарға белсенді азаматтық ұстанымына, бейжай қарамай, қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын. Әңгіме ашық әрі мазмұнды өтті. Билік пен қоғам арасындағы диалог дәл осындай форматта құрылуы керек деп есептеймін», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар бақылауға алынды.