ШҚО-дағы ардагерлер ұйымдарының осы жылғы жұмысы қорытындыланды

ШҚО-дағы ардагерлер ұйымдарының осы жылғы жұмысы қорытындыланды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі  Нұрымбет Сақтағанов облыс ардагерлерімен жыл көлеміндегі бірлескен жұмыстың қорытындысына арналған кеңес өткізді.

– Сіздер – біздің шежіреміз, берік тірегіміз әрі мақтанышымызсыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз,  төзімдеріңіз бен ақыл-парасаттарыңыз – еліміздің іргетасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «ардагердің өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, өз халқына деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі». Бұл сөздер бүгінде, әсіресе бірлік, түсіністік пен өзара құрмет аса қажет кезеңде ерекше мәнге ие. Қоғам өміріне белсене араласуларыңыз, азаматтық ұстанымдарыңыз бен биік беделдеріңіз – баға жетпес құндылық. Сіздер еліміздің басты байлығы – бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келесіздер, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 140 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Өңірде 13 ардагерлер ұйымы жұмыс істеп, олар 121 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен белсенді қолдауының арқасында аймақта Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттары мен бағдарламалары табысты жүзеге асуда.

Кеңес барысында облыс әкімі ардагерлерге өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысқандары, туған өлкенің және елдің дамуына қосқан үлестері, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбектері үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да ел бірлігін нығайту, тәуелсіз Қазақстанды орнықты әрі әділетті мемлекет ретінде дамыту жолындағы бірлескен жұмыстың жалғасатынына сенім білдірді.