Риддер қаласында «Анатау» тау шаңғысы кластерін құру жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл жоба Шығыс Қазақстандағы қысқы және экстремалды туризмнің жаңа көрінісі болмақ. Риддер қаласының уақытша әкім міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жобаның мәнін осылай таныстырды.
Жобаны дайындау барысында Риддер қаласы әкімдігінің, облыстық салалық басқармалардың өкілдері және Швейцарияның Bartholet Maschinenbau AG компаниясы мамандары қатысқан жұмыс сапарлары мен кеңестер өткізілді. Арнайы назар приоритетті аумақтарға аударылды — Иванов жотасы мен Проходной Белок, мұнда инженерлік инфрақұрылым, табиғи жағдайлар мен жер учаскелерінің құқықтық мәртебесі мұқият зерттелді.
Аэрофототүсірілім материалдары дайындалып, жобалау үшін барлық бастапқы деректер жиналды. Учаскелердің болжамды шекаралары анықталып, кейбір жерлерді мемлекеттік орман қоры құрамынан шығару мәселесі қарастырылды. Бағалау нәтижелері бойынша екі аумақты кешенді дамыту ұсынылды, әрқайсысына өз мамандандыруы белгіленді:
•Иванов жотасы — тау шаңғысы кешені және бұқаралық туризм;
•Проходной Белок — қармен жүретін техника жәнеэкстремалды туризм.
Осы аумақтарды біртұтас инфрақұрылымдық жүйеге біріктіру мүмкіндігі де қарастырылуда. Алынған материалдар жобаның концепциясы мен техникалық шешімдерін әзірлеу үшін Швейцария компаниясына тапсырылды.
«Анатау» жобасы іске асқанда, Риддерде заманауи жыл бойғы туристік кластер пайда болып, қысқы да, жазғы да демалыс түрлері кеңейіп, қала қонақтар ағынымен толысады. Сонымен қатар, Риддер Шығыс Қазақстандағы белсенді әрі экологиялық туризмнің жаңа орталығына айналмақ.