ШҚО-ға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді

ШҚО-ға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді

Бүгін Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыс активімен кездесті. Кездесу барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары қалай іске асырылып жатқаны сөз етілді.

Былтыр Президенттің пәрменімен Бұқтырма су қоймасына көпір салынса, биыл Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 19 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 14 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.

Орташа жалақы 9%-ға өсіп, облыс халқының 97 пайызы тұратын 234 елді мекен интернетпен қамтамасыз етілді.

Инфрақұрылымды цифрландыру бағытында арнайы жұмыс тобы құрылып, өңірдің бағдарламалық құжаты әзірленген. Соның аясында іске асатын жобалар ШҚО әкімінің тұрақты бақылауында.

  • «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде 3 мың орындық 7 заманауи мектеп салынды.
  • «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша осы жылдың соңына дейін 36 медициналық нысан пайдалануға беріледі.

«Президент Жолдауы – мемлекеттік маңызы бар құжат. Заманмен санасқан, озық технологияларды пайдалануды мақсат етіп отырған биылғы Жолдау біз үшін аса маңызды, көкейтесті. Бүгінде еліміздегі түрлі мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Осы бағытта жұмысты жалғастырамыз», - деді Мәлік Отарбаев.

Президенттің кеңесшісі өз сөзінде Жолдауға жан-жақты талдау жасап, онда көрсетілгендей, алдағы үш жылда елімізді цифрлық мемлекетке айналдыруға атсалысуға, заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануға, берілген әрбір міндеттерді жауапкершілікпен орындауға шақырды.