
Глубокое ауданы қарқынды дамып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Эльдар Тумашинов ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, 2025 жыл оң өзгерістер кезеңі болды. Аудан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмен күйінде қалып отыр — 4,6%. Тұрғындардың орташа айлық жалақысы 13%-ға өсіп, 394 мың теңгеден асты.
Глубокое ауданы экономикасын әртараптандыруды жалғастыруда. 2029 жылға дейін жеке инвестициялар көлемі 92 млрд теңгеден асады деп жоспарланған. Өнеркәсіп саласында ірі жобалар іске асырылуда: өсімдік майын өңдеу цехының құрылысы, BM Factory Project зауытының жұмысын қайта жандандыру және тау-кен өндіру саласын дамыту.
Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. Мұнда сүт фермалары, жылыжай шаруашылығы мен құс өсіру белсенді дамып келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 94 млн теңгеге шаруашылық пен ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған 8 жоба мақұлданды.
Әлеуметтік салада да айтарлықтай жетістіктер бар. Опытное поле ауылында 300 орындық заманауи мектеп ашылды, шамамен 280 млн теңгеге жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар мәдениет пен спорт саласында аудан көптеген фестивальдер мен спорттық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінді.
Туризм — ауданның жаңа келбеті. Мұнда тау шаңғысы және экотуризм бағыттары дамып келеді, жаңа қонақ үйлер мен демалыс орындары ашылып жатыр. Танымал туристік бағыттар бойында жолдарды абаттандыру және заманауи санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату жұмыстары жалғасуда.
«Біздің мақсатымыз - Глубокое ауданын өмір сүруге, еңбек етуге және демалуға жайлы аймаққа айналдыру. Біз бұл бағытта сенімді қадам жасап келеміз», - деді аудан әкімі Эльдар Тумашинов.