Шығыс Қазақстанда қарлы болады деп болжанған қысқа дайындық қызу

Шығыс Қазақстанда қарлы болады деп болжанған қысқа дайындық қызу

Шығыс Қазақстан облысында 2025-2026 жылғы қыс қарлы және құбылмалы болады. «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметінше, қараша айында ауа райы әдеттегіден жылы болады, алайда жаңбыр мен ылғалды қар жиі түседі.

Желтоқсан айы қалыпты көрсеткіштен суық, қаңтар – орташа климаттық мәннен 1°С төмен, ал ақпан әдеттегіден 1°С жылы болады деп болжанып отыр. Сонымен қатар желдің жылдамдығы 20 м/с-қа жетуі және жолдың көріну деңгейі төмеудеуі мүмкін.

Қысқа дайындық ерекше мұқият жүргізілді: жалпы пайдалануға арналған жолдарды қысқы күтімге дайындау үшін 957 техника әзірленді. Республикалық жолдарға «ҚАЖсервис» ЖШС ШҚОФ қызмет көрсетеді (103 техниканың 95%-ы жұмысқа дайын), облыстық жолдарды «ОблШығысЖол» ЖШС күтіп-ұстайды (119 техниканың 93%-ы дайын). Аудандық жолдар мен елді мекен көшелерінде 735 техника жұмыс істейді.

Сондай-ақ 140 мың литр жанар-жағармай, 50 тонна тұз, 800 тонна көмір дайындалған. 2500-ден астам сигналдық таяқ орнатылып, 1666 жасанды құрылыс пен 96 көпір тазартылды.

Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін 7865 адам және 913  техника сақадай сай. 7 жылыту пункті және Привольное ауылында бір трассалық медицина-құтқару пункті жұмыс істейді. Дауылды ескертулер мен халыққа хабарландыру SMS-хабарламалар, «Darmen» мобильді қосымшасы, телеарна, радио және 48 сирена арқылы жүзеге асырылады.

Облыста 40-тан астам көпшілікке арналған мұз асты балық аулау орны бар. Қыркүйектен бері 110 алдын алу рейді өткізілді, 1100 ескерту таратылып, 38 нұсқаулық өткізілді. Құтқарушылар халыққа тек тұрақты қатқан кезде ғана мұзға шығуға кеңес береді, мұзда балаларды қараусыз қалдыруға болмайды және мас күйінде балық аулауға тыйым салынған.

Барлық қызметтердің қысқа дайындығы командалық-штабтық «Қыс–2025» жаттығулары барысында тексеріледі.