Өскеменде қаланы абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде

Өскеменде қаланы абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде

Өскеменде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қала инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, қала көркі мен жайлылығы айтарлықтай жақсарды.

Бұл туралы қала әкімі Алмат Акышов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Пилоттық жоба аясында «Глобус» сауда үйінің артында орналасқан Абай даңғылы мен Космическая көшесі арасындағы жол кеңейтілді. Жаңа асфальтбетон жабындысы 3 539 шаршы метрді құрап, жолдың өткізу қабілеті арттырылып, қосымша автотұрақтар ұйымдастырылды. Тұрғындардың бастамасымен қоршалған заманауи контейнер алаңы орнатылды.

Қазақстан көшесінде абаттандыру жұмыстары аяқталу сатысында. Мұнда 106 көшелік шам, 70 орындық, 61 қоқыс жәшігі, 15 качели, 6 гүл вазоны, 3 қорғаныш тіреуі және 1 арқан кешені орнатылды. Плитка төселген аумақ 5,3 мың шаршы метрден асты. Қазан айының соңына дейін мердігерлер қалған 200 шаршы метр тротуар плиткасын төсеп, балаларға арналған «Барн Хаус» кешенін орнатуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, қаладағы маңызды көлік нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Жеңіс даңғылында, Е.П. Славский атындағы жағалау аумағы мен Пермитин көшесінде негізгі жер қазу және дренаж жұмыстары аяқталып, төменгі асфальт қабаты төселуде. Жаңа жол учаскесінің ұзындығы 758 метрді құрап, қозғалыс 2026 жылы ашылады.

Сәтпаев даңғылы мен Жібек Жолы көшесінің қиылысында көлік айрығының құрылысы жүргізілуде. Жобаның үш кезеңі аяқталған соң бұл жерде заманауи жол көпірі пайда болып, қозғалыстың үздіксіздігі мен қаладағы тығыз аудандардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

2025 жылы қала ауласын абаттандыру аясында 42 аула қамтылды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 17 аула, 17 балалар алаңы және 8 спорттық алаң жасақталды. Объектілердің басым бөлігі пайдалануға берілді.

2026 жылға тұрғындардан 219 өтініш келіп түсті, олардың 72 жобасы қолдау тауып, жүзеге асырылатын болды. Оларға аула абаттандыру, жарықтандыру, тротуарлар және қоғамдық демалыс аймақтарын жасау кіреді.

Чечек тауы аумағын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Мұнда автотұрақтар, мангал алаңдары, демалыс орындары, балалар және спорт алаңдары жасақталып, 120 жарық нүктесі мен заманауи санитарлық модульдер орнатылды. Аумақ толықтай келушілерді қабылдауға дайын.