
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Республика күніне орай ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды Мемлекет басшысының атынан марапаттады.
Олардың қатарында білім, мәдениет, мемлекеттік қызмет, спорт сынды салалардың өкілдері және жеке кәсіпкерлер бар.
«Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн - тәуелсіздігіміздің символы, азаттық пен елдіктің бастауы. Жас мемлекетіміздің барлық жетістігінде облыстың әр тұрғынының өзіндік үлесі бар. Елге деген сүйіспеншіліктеріңіз арқылы сіздер Қазақстанды одан әрі көркейтіп, гүлдендіріп келесіздер», - деді аймақ басшысы.
Президент жарлығымен «Құрмет» орденін алғандар қатарында ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешов бар.
Ал III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС бас директоры Владимир Аксеновке берілсе, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дархан Амангелдіұлы, Өскемен қалалық Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Жанат Жиенбекова, «Мерген» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Ильясов және басқа да жандар марапатталды.