
«Семей қаласына жасаған жұмыс сапарым барысында уәде бергенімдей, екі проблемалы құрылыс нысандарын кезекті рет тексеріп қайттым. Мамыр айында Көкшетаудың "Байсан А" құрылыс компаниясы ғимараттарды күрделі жөндеуге өткізілген тендерді жеңіп алған. Алайда қыркүйек айында жұмыстардың тек 20%-ы орындалды. Компания басшылығына қатаң ескерту жасалып, нақты мерзімдер мен талаптар қойылған-ды. Ең алдымен нысандарда жұмысшылар санын арттыру, бір мезгілде екі ғимаратта жұмыс жүргізілуі тиіс болатын. Егер бұл орындалмаса, онда келісімшартты, өкінішке орай, сот арқылы бұзуға ниеттіміз.
⠀
Ескертуге құлақ асқандары қуантады. Бүгінде нысандарда жұмыс қарқыны жақсы. Екі ғимаратта 150 адамнан жұмыс істейді. Қасбеттері аяқталуға жақын, ғимараттардың ішінде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бас мердігер 15 қарашаға қарай перинаталдық кешеннің 2 және 3 корпустарындағы жұмысты аяқтаймыз деп сендірді.
⠀
Айта кетейін, Семей перинаталдық орталығының 25 дәрігері Еуропаның үздік клиникаларында білім алды. Соңғы жылдары 1,5 миллиард теңгеге ең заманауи жабдықтар сатып алынды. Мұның бәрі жаңа корпустарға орнатылады».
⠀
Облыс басшысы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке күн сайын құрылыс жұмыстарының барысын қадағалап отыруды тапсырды. Қала үшін маңызды әрі қажетті нысан мерзімінде пайдалануға берілуі тиіс екендігін атап өтті.