
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шығыс Қазақстан филармониясының көрермен залында «Өмір жолы – өнеге» атты шығармашылық байқаудың қорытындысына арналған мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды.
Оны ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Өскемен қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесе өткізді.
Облыстың қала-аудандарындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарынан келген жандар өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық нөмірлерін ұсынды. Сондай-ақ фойеде жергілікті қолөнер шеберлері мен суретшілердің туындылары көрмеге қойылды.
Салтанатты марапаттау рәсіміне облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков пен ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің директоры Альмира Дюсупова қатысты.
«Үздік вокал» номинациясында Күршім ауданынан келген Бақытжан Өлмесеков жеңімпаз атанса, «Үздік ансамбль» номинациясы бойынша Ұлан ауданының «Әгугай Ұланым» вокалды ансамблі және Шемонаиха ауданындағы «Горняк» клубының орыс әні халық хоры жеңімпаз атанды. Сонымен қатар қазылар алқасы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қолөнер шеберлерінің жұмыстарын және басқа да шығармашылық ұжымдардың өнеріне жоғары баға берді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.