
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен жұмыс жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын облыстық немесе орталық деңгейде шешуді талап ететін мәселелерді талқылау бойынша «диалог» форматында ZOOM платформасында жүргізілді.
Бала өмірдің гүлі, өмірдің нұры. Олардың жайқалып өсуі, жан-жақты дамуы үшін елімізде бар жағдай жасалған. Себебі, өскелең ұрпақ – еліміздің болашағы. Мәселен, Шығыс Қазақстанда көпбалалы отбасылар мәселелері бойынша қалалық және аудандық қоғамдық комиссиялар құрылды, олардың құрамына көпбалалы аналар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ депутаттар кірді.
– Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі басым бағыттардың бірі. Барлық негізгі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер кезең-кезеңмен шешіледі. Облыс бойынша 2020 жылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша көпбалалы отбасыларға 380 пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы 665 пәтер беріледі, сонда барлығы биыл 1045 отбасы баспаналы болады, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.
Облыс басшысы көпбалалы аналардың мәселелерін тыңдап, оның шешілу жолдарын талқылады. Қойылған сұрақтарға облыстық басқармалар мен өзге де жауапты мекемелердің басшылары жауап берді. Сонымен қоса, көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы да мәлімет берілді. Өңір басшысы аналарды жергілікті жерлердегі комиссия жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
– Көпбалалы аналар, комиссия мүшелерімен бірге білім беру орталықтарындағы тамақтану, мектеп формасы мен аяқ киім сапасын тұрақты негізде тексеруді сұраймын, - деді өңір басшысы Даниал Ахметов. - Үржар ауданының аналарынан жазғы аяқ киімді қысқыға ауыстыру мәселесін қарастыратын боламыз. Бәлкім, тек қысқы аяқ-киімді, не екі маусымға да қажетті аяқ-киімді аламыз. Нақты жауапты бір айдан кейін айтамыз.
Ал, Семейден келген Марина Куликова көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға білім беру грантын алуға басым құқық беруді ұсынды.
– Мемлекетімізде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қатысты көп жұмыс атқарылғанын көріп отырмыз, – деді он баланың анасы Марина Куликова. – Біз балаларымыздың жақсы жоғары білім алып, халық игілігі үшін еңбек еткенін қалаймыз. Сондықтан көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жоғары оқу орнына түсу кезінде грант алуға басым құқық иегерлерінің тізіміне заңнамалық деңгейде қосуды сұраймын.
Бұл сауалға облыс басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігіне білім гранттарын тағайындау бойынша қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізу ұсынысымен хат жіберетінін айтты.
Сонымен қоса, көпбалалы аналар мектепте, балабақшада күн кестесі ұзартылған қосымша топтар ашылса деген өтініш білдірді. Бірақ, бұл сауалға білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанованың жауабы облыс басшысын қанағаттандырмады.
– Сіздің басқарма көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар есебінен қосымша ақы белгілейді деген жауабыңыз қабылданбайды. Президент көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөліп отыр. Көпбалалы аналар – ел мақтанышы. Сондықтан, кез келген туындаған мәселені мемлекет көлемінде қарастырып, бюджеттен қосымша қаржыландыру жағын ойлау керек, - деді Д. Ахметов.
Айта кетейік, жыл басынан бері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 19 қала мен ауданда көпбалалы отбасылардың мәселелерін шешу бойынша 59 комиссия отырысы өткізілген.