
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесті. Соның барысында өңір мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайы талқыланды.
«Бүгінде екі ел арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Өзбекстан Республикасы – Шығыс Қазақстан облысы үшін Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы бар серіктестердің бірі. Бізді тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар біріктіреді. Алдағы уақытта бұл қарым-қатынасты өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, қайта өңдеу және жеңіл өнеркәсіп салаларында нығайта түскіміз келеді», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыста инвестиция салуға болатын салалар қатарында өңдеу өнеркәсібі, тау-кен саласы, химия және тоқыма өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс материалдарын шығару, ағаш өңдеу және туризм бар.
«Осы кездесу екі ел арасындағы тиімді серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болады деп сенемін», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өзбекстаннан келген серіктестер көкөніс пен жеміс-жидекті өңірге тікелей жеткізуге дайын екендіктерін айтты. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – облыс орталығы арқылы өтетін жаңа халықаралық теміржол бағытының іске қосылуы болмақ. Ол «Өскемен-Алматы-Түркістан-Ташкент» бағытында жүреді.