
Бүгін Өскеменде «Altaі Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы басталмақ.
Форумның алдында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және басқа да қонақтар Жеңіс мемориалына барды.
Екінші дүниежүзілік соғыста аянбай шайқасып, өз өмірін өлімге тіккен батырлардың рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Одан соң бір минут үнсіздік жарияланды.
Айта кетейік, «Altaі Invest-2025» форумына әлемнің бірнеше елінен инвесторлар, дипломаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.
Форум аясында өңірдің даму жолындағы аса маңызды келісімдерге қол қойылып, түрлі жобалар қолға алынады деп күтіліп отыр.