ШҚО әкімі Түркия және Қытай елдерінің Елшілерімен кездесті

ШҚО әкімі Түркия және Қытай елдерінің Елшілерімен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде өтетін «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы қарсаңында екі елдің Елшісімен кездесу өткізді.

Соның барысында өңірге инвестиция құю мүмкіндіктер мен ортақ жобалар жайы талқыға салынды.

Әкім әуелі Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджумен жүздесті.

«Шығыс Қазақстан – ел бойынша өнеркәсібі дамыған өлке. Табиғи ресурстарға бай облысымызда Қазақстанның түсті металлургиясының басым бөлігі шоғырланған. Глубокое ауданында түркиялық «Mimsan Industry Boilers» компаниясы қуаттылығы 30 Гкал/сағ қазандық салу жобасын іске асырып жатыр. Өңірге өңдеу, тау-кен өндіру, химия және тоқыма өнеркәсіптеріне инвестиция құюға мүмкіндік мол. Құрылыс материалдарын өндіру, ағаш өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласының да әлеуеті зор», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

 Мустафа Капуджу өз сөзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты одан сайын күшейтуге ниетті екендіктерін айтып, инвестициялық форум жұмысына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін ШҚО әкімі ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинмен кездесті. Аймақ басшысы «Altai Invest-2025» форумы екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.

Қытай Елшісі де өз кезегінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты қарқынды дамыту үшін бірлескен жобаларды қолға алуға әзірліктерін жеткізді.