
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен кеңесте қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың орындалу барысы талқыға салынды.
Шығыс Қазақстанда халық арасында заңға құрметпен қарауды қалыптастыру және құқықбұзушылыққа мүлде төзбеуді насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім ордаларында жаңартылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша тәрбиелік жұмыс жүргізіліп келеді. Құқықтық сауаттылық курстары енгізіліп, «Жас заңгер» мектеп клубтарының саны артқан.
Биыл облыстық бюджеттен Полиция департаментінің қызметін қамтамасыз етуге 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат материалдық-техникалық базаны жақсартуға және азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Бейнебақылау жүйесін жаңғырту аясында 1 900 жаңа сандық камера орнатылды. Оның 300-і жасанды интеллект қолданылатын бейнеаналитика модульдерімен жабдықталған. Олар нақты уақыт режимінде адамның бет-әлпетін және көлікті тануға, құқықбұзушылықтарды тіркеуге және түрлі қауіптерді болжауға мүмкіндік беріп, қоғамдық қауіпсіздікті алдын алу мен әрекет ету тиімділігін арттырады.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындап, халықтың құқықбұзушылыққа мүлде төзбеу қабілетін қалыптастыру үшін жүйелі жұмысты жалғастырып келеміз», - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.