
Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Қазақ-Неміс ғылым және технология институтын дамыту консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды. Шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсен қатысты.
Консорциум құрамына Қазақстан мен Германияның 7 жоғары оқу орны кірді.
Ынтымақтастық ғылым, технология және сирек жер металдарын қайта өңдеу бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Шығыс Қазақстан минералдық-шикізат қоры бай болғандықтан серіктес ретінде таңдалып отыр.
«Облысымыз үшін жоғары технологиялық жобалардың маңызы ерекше. Осы ретте, Тұғыл ауылында салынуы жоспарланған тау-кен байыту комбинатын, «Alatau Lithium» және «Creada Corporation» компанияларының жобаларын атап өткен жөн», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шара соңында Германиядан келген қонақтарға қазақы дәстүрмен естелік сыйлықтар табысталды.