
Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып келеді.
2022 жылдан бері өңірге 343,3 мың гектар жер қайтарылды.
Биыл 120 мың гектар жер қайтарылады деп жоспарланған. Бүгінде бұл жоспардың 67%-ы (80,3 мың га) орындалды.
Оның ішіндегі 79,9 мың гектар (99%) – қала және аудан әкімдіктерімен жалға беруден ерікті түрде бас тарту және мерзімінің аяқталуы есебінен қайтарылды. Ал 0,4 мың гектар (1%) жер облыстық Жер қатынастары басқармасының бақылау шаралары нәтижесінде мемлекет меншігіне тәркіленді.
Алтай және Глубокое аудандары жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады. Сондай-ақ 2025 жылғы 24 шілдеде облыс әкімі берген тапсырмаға сәйкес, Ұлан ауданында жоспар 8 айда толық орындалып, 9,7 мың гектар жер қайтарылды.
Дегенмен, бірқатар аумақтарда жерді қайтару қарқыны төмен. Атап айтқанда: Самар ауданында – небәрі 10% (1,4 мың гектар), Марқакөл ауданында – 33% (4 мың гектар).
«Облыс бойынша жалпы оң динамика байқалып отыр. Алайда жоспарға ілесе алмаған аудандар жұмысты күшейтуі қажет», – деді ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис облыс әкімдігінің отырысында.