
2025 жылғы 16 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н. Сақтағановтың жетекшілігімен «Бекет-2025» ведомствоаралық топтамаларының оқу-жаттығуларын, облыстық әскери-экономикалық жаттығуларды және әскери міндеттілерді шақырумен өтетін тактикалық-арнайы жаттығуларды ұйымдастыру мәселелері бойынша жедел-қызметтік кеңес өтті.
Оқу-жаттығулар 2025 жылғы 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында, ал әскери міндеттілерді шақыру 1–10 қазан аралығында өткізіледі.
Жаттығу тақырыбы: «Әскери жағдай мен соғыс уақытында туындайтын дағдарыстық ахуалдарды, әскери қатерлерді бейтараптандыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің іс-қимылдары».
Жаттығуларға қатысады: Өскемен гарнизоны құрамынан 1230 әскери қызметші мен қызметкер; 73 бірлік әскери және арнайы техника; облыстың барлық жергілікті атқарушы органдары; орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері: ҰҚК департаменті, Полиция департаменті, Қорғаныс істері жөніндегі департамент, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Мемлекеттік қызмет істері департаменті және ӘПБ, сондай-ақ ШҚО аумақтық қорғаныс бригадасы.
Жаттығулардың мақсаты – дағдарыстық жағдайларда, сондай-ақ әскери қатерлер кезінде жергілікті атқарушы органдардың, күштік құрылымдардың және әскери бөлімдердің өзара іс-қимылын жетілдіру, өңірдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін арттыру.