
Бүгін аймақ әкімі, облыстық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партия филиалдарының өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен өткен жиында ШҚО-ның цифрлық даму бойынша алдағы қадамдарын талқылады. Онлайн режимінде қала және аудан әкімдері де қатысты.
«Президенттің Жолдауы Қазақстанды тұрақты, бәсекеге қабілетті, әділетті және жоғары технологиялық мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған. Біздің алдымызда жеті негізгі міндет тұр. Оларды іске асыру еліміздің де, өңіріміздің де әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
МІНДЕТТЕР:
• ірі инвестицияларды тарту;
• өңдеу өнеркәсібін дамыту және ішкі әрі халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті жоғары деңгейде қайта өңделген өнім өндіру;
• аграрлық секторды жаңа деңгейге шығару (агрохабтар мен логистикалық орталықтарды дамыту, шетелдік инвесторлармен серіктестікті одан әрі нығайту);
• көлік-логистика кешенін дамыту (өңірлік көлік қатынасын ұйымдастыру, автожолдар мен туристік инфрақұрылымды дамыту – бұл жергілікті атқарушы органдардың тұрақты басымдығы болып қала береді);
• ТҮКШ және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
• кәсіпкерлік бастаманы жандандыру (кәсіпкерлер еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші болуы тиіс, ол үшін құқықтық базаны жаңғырту маңызды);
• адами капиталды дамыту (ерекше рөл білімге беріледі, бұл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында іске асады. Бүкіл әлемде жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс артып келеді).
Бұл ШҚО-ның негізгі дамуы жолындағы шаралар Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттер мен Премьер-министрдің кешегі отырыстағы тапсырмалары аясында айқындалды.