ШҚО-дағы Жарма ауданында әлеуметтік нысандарды жөндеп, елді мекендерді абаттандыру мақсатында 60 жоба жүзеге асырылуда

ШҚО-дағы Жарма ауданында әлеуметтік нысандарды жөндеп, елді мекендерді абаттандыру мақсатында 60 жоба жүзеге асырылуда

Жарма ауданында әлеуметтік нысандарды жөндеу мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Баспасөз мәслихаты барысында Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев іске асырылып жатқан 60 жобаның 25-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жасалып жатқанын атап өтті.

Қалбатау ауылындағы үш көше мен Шар қаласындағы Қабанбай көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Қалбатау ауылындағы екі көше мен Шар қаласындағы Амангелді көшесіне, сондай-ақ Әуезов кентіндегі Геология көшесіне жарық тартылды. Қалбатау ауылында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ойын алаңы салынды. Шуақ ауылында балаларға арналған ойын алаңы бой көтерді.

– Бүгінгі күні 23 жоба жүзеге асырылды. Ал қалған екі жоба жуықта аяқталады, - деді Айдар Ибраев.

Сонымен қатар, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жоба іске асырылуда. Әуезов кентінде 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.

Бақыршықтағы орта мектеп пен Абай атындағы мектеп-гимназиясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 486 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жасалуда.

Қалбатау ауылы мен Әуезов кентіндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.