ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ - БАСТЫ БОРЫШЫМЫЗ...
Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресу өркениетті елдердің барлығында өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл әлеуметтік құбылысты болдырмау мен оның алдын алу Қазақстан үшін де өте маңызды. Ел экономикасының өркендеуіне кедергі келтіріп, ұйымдасқан қылмыс түрлерінің артуына әсер ететін аталған індет қоғам үшін де, халық пен мемлекеттік билік органдарына да орасан қауіпті. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында мемлекеттік қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершіліктері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қадамдарын жасағанда қандай жаза алатындары жайлы тайға таңба басқандай етіп жазылған. Аталмыш заң еліміздің барлық аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Тіпті Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде, егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, республика азаматтары мен осында тiркелген заңды тұлғаларға да тиісті. Ендеше, бәріміз де заң алдында тең екендігімізді түсінуіміз тиіс.
Бүгінде еліміз экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өркениетті 50 елдің қатарына қосылуды көздеуде. Әрине, мұндай жоғары жетістікке қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Өзіміздің межелі мақсатымызға жетіп, биік белестерді бағындыру үшін, алдымен, біздің елдің жас буындарына терең білім, тағылымды тәрбие беретін білімді де білікті ұстаздар, атқарушы жоғары билік органдары мен мемлекеттік мекемелерге өз ісін бес саусақтай білетін, халқының қамын күйттейтін, жеке басының жағдайын шешуде лауазымын пайдаланбайтын, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермейтін мемлекеттік қызметкерлер қажет.
Айта-айта жағымыз талып, жаза-жаза жауыр болған түйткілді тақырып - сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында аудан әкімдігінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, әкімдіктегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытындағы арнайы іс-шаралар жоспарына сай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша мекемемізде жиналыстар өткізіліп тұрады. Парақорлық дертімен пәрменді күрес жөніндегі заңдылықтарды оқып-үйрену, олардың тиянақты орындалуын назарға алу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне дер кезінде жіті көңіл бөлу, атқарушылық құжаттарды орындау барысында қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау, белгіленген нақты жоспарды орындау мәселелері басты жолға қойылады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына жол жоқ. Айта кетейік, бұл індетке тойтарыс беру – өз кезегінде еліміздің әрбір азаматының азаматтық борыш болып саналады. Сондықтан да билік пен бұқара арасындағы сенімді сетінететін бұл қауіпті құбылысты жеңуде бәрімізге де жоғары жауапкершілік жүктеледі.
Түпқараған аудандық ішкі саясат,
мәдениет, тілдерді дамыту және спорт
бөлімінің басшысы Ш.Нургалиева