Маңғыстаулық отбасы АХАТ бөлімінде алтын тойын атап өтті

Отбасы күніне орай облыстық АХАТ бөлімінде маңғыстаулық жұп Дәуіт Қошанұлы мен Күләнда Бузжанқызы «Алтын тойларын» өткізді.

  Осыдан 50 жыл бұрын отау құрған той иелері бүгінде ардақты ата, аяулы әже. Дәуіт Қошанұлы мен Күләнда Бузжанқызы жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасуға келгенде танысқан. Содан бері жұптары жазылмаған.

  Жетпіске келген зейнеткерлердің бір-біріне деген сыйластығы мен сүйіспеншілігі әлі күнге үзілмеген.

   Дәуіт Қошанұлы 1949 жылы Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолын Донға кен орнында көмекші бұрғылаушы болып бастап, Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ барлау саласында жоғарғы білікті инженерлік қызметтерді атқарған. Қазіргі таңда Энергетика Министрлігінің мұнай саласы бойынша тәуелсіз эксперті.

  Ал Күләнда Бузжанқызы өңірдің мәдениеті пен өнеріне, экономика саласына еңбегі сіңген білікті маман. Ұзақ жылдар бойы Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болған. Қазіргі таңда білікті медиатор қызметін атқарып жүр.

 «Маңғыстау облысы бойынша жыл сайын 5 мыңнан астам неке тіркеледі. Ал дүниеге келетін сәбилердің саны 20 мыңнан асады. Бүгінгі алтын той барлық жастарға үлгі болады деп ойлаймын. Той иелерін шын жүректен құттықтаймын» ,-деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемелекеттік корпорациясының» Маңғыстау облыстық филиал директорының орынбасары Ұлан Серікбайұлы.

 Естеріңізге сала кетсек, елімізде Отбасы күні 10 жылдан бері аталып келеді.

Дата публикации
13 сентября 2024