Маңғыстаулық ірі бизнес субьектілеріне мемлекеттен қолдау мол
Ірі және орта бизнеспен айналысып, атап айтқанда құрылыс салып немесе өндіріс орнын ашып еңбек етіп жатқан маңғыстаулы қкәсіпкерлер іске асырып жатқан жобасына қажетті өндірістік (индустриялық) инфра құрылымды жүргізу бойынша мемлекеттен қолдау ала алады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Пікір Сансызбаев хабарлады.
Спикердің айтуынша, аталған қолдау түрін алу үшін жоба құнының арнайы критерийлері бар.
- Нақтылап айтқанда, жобаға салынған инвестициялардың көлемі 200 млн.теңгеден асуы қажет. Аталған шарт орындалған жағдайда мемлекеттарапынан 50 млн.теңгеден - 1 млрд.теңгеге дейін қолдау алу мүмкіндігі бар,- деді Пікір Сансызбаев.
Сондай-ақ, кәсіпкер бөлінген қаражатқа өндірісіне қажетті бу және су құбырларын тарту, бұру, жабдықтау, газдандыру жұмыстарын жүргізіп, темір жол тұйықтары, кірме темір жолдарын, телефон желілерін, кіші электрстанцияларын, электр беру желілерін, септиктерді сала алады.
Сонымен қатар, брифинг барысында егерде жоба заманауи форматтағы сауда объектілері болған жағдайда миллионер қалаларда өлшем шарты 3 мың шаршы метр болуы қажет екені айтылды. Ал, облыс аудандарында сауда алаңы кемінде 1 мың шаршы метрді құрауы керек.
Маманның айтуынша, аталған бағытта 2021 жылы 2 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Солардың бірі - Сансызбай Алимбаев.
-Мен қазіргі таңда жеке кәсіпкермін. 27 шағынаудан, 77-ші жеке меншік мектеп ғимаратын салдым. Құрылыс барысында газ, су және кәріз құбырларын өткізу қажет болғандықтан, тиісті құжаттарды жинап, конкурсқа қатыстым. Қолдау көрсетті. Нәтижесінде құрылыс толық аяқталып, бүгінде мектеп өз жұмысын жалғастырып жатыр, - дейді жеке кәсіпкер.
Айта кетейік, қолдауды алу үшін кәсіпиесі бизнес-жоспарын, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасына жолдай алады. Толық ақпаратты 46-25-50 (1174) номерлеріне хабарласып біле аласыздар.