Meeting of the local community in the city of Fort Shevchenko in the Tupkaragan district of the Mangystau region

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы

ХАТТАМА №1

 

   Өткізілген уақыты: 12 қаңтар  2023 жыл, сағ: 15:00

   Өткізілген  орны:  Форт-Шевченко қаласы Аудандық мәдениет үйі

 

Қатысқандар:  Жергілікті қоғамдастық мүшелері , ардагерлер,  жастар  және қала тұрғындары.  Форт-Шевченко қаласының  халық саны- 7734, оның ішінде 1204  қатысты,  бұл 15,5 пайызын құрайды.

Форт-Шевченко қаласының әкімі Б.Молдабеков: Айта кетсек,  жергілікті қоғамдастықтың  жиналыстары бүгін түске дейін де  сағат 10:00-де, 11:30 да  өткізілді. Оғанда  жергілікті қоғамдастық мүшелері , ардагерлер,  жастар  және қала тұрғындары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелерге көшпестен бұрын жиналыстың төрағасы және хатшысын сайлап алуға рұқсат етіңіздер.

Жиналыс төрағасы болып Форт-Шевченко қаласының әкімі Б.Молдабеков және хатшысы болып Форт-Шевченко қаласының орынбасары Ж. Нұрбаеваны сайлап алуға қарсылық жоқпа. Ұсыныс бірауыздан қабылданды.

 

                                        Күн тәртібінде:       

 

Форт-Шевченко қаласының атауын  тарихи  атауы АҚКЕТІК атауына өзгерту туралы қала тұрғындарының ұсынысын қарау

 

                                                        Тыңдалды:     

 

Жиналыс төрағасы, Форт-Шевченко қаласының әкімі Б.Молдабеков «Әкімшілік–аумақтық бірліктерге,елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына  және «Қазақстан Республикасының әкімшілік–аумақтық құрылысы туралы» Заңының 14 бабының 2) тармақшасына сәйкес, Форт – Шевченко қаласының атауын тарихи  атауы АҚКЕТІК атауына өзгерту туралы жергілікті қоғамдастық жиналысын ашып берді.

СӨЙЛЕУ

Түпқараған аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Сүйеубаев:

Форт–Шевченко қаласының атауын тарихи атауына өзгерту туралы мәселе ұзақ жылдар бойы бірнеше рет қала, облыс тұрғындарының тарапынан көтеріліп келе жатырғаны бәрімізге мәлім. «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысын басшылыққа ала отырып, 2022 жылдың 3-маусым күні Түпқараған ауданы ардагерлерінің ұсынысы бойынша осы мәселенің оң шешілуін жүйелі, жоспарлы түрде ұйымдастыру мақсатында бастамашы топ құрылып, оған облыс, аудан, қала тұрғындарынан ерікті түрде мүшелер тартылды.

Бастамашыл топтың жұмыс жоспары жасақталып бекітілді. Жоспарға сәйкес, алынған шаралар, отырыстар уақытылы өткізілді. Бастамашыл топтың төрағасы етіп мені сайлады. Кезекті отырыста бастамашыл топтың төрағасы ретінде баяндама жасадым. Қала тұрғындарына қаламыздың тарихи атауын қайтару жөнінде ҮНДЕУ жарияланды. 

Facebook әлеуметтік желісінде «Ақкетік қаласы деп аталсын!» атты арнайы парақша ашылды. Аталған парақшада қаламыздың байырғы тарихына қатысты құнды тарихи мәліметтер, естеліктер, белгілі ақындардың туындылары, бейне материалдар жарияланып отырды. Өңірімізге белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері, атап айтсақ, ауданымыздың төл перзенті, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, бүгінде есімі алты Алашқа танымал ақын Светқали Нұржан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ ақыны Сабыр Адай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының Құрметті Азаматы, белгілі қаламгер Бектұр Төлеуғалиұлы, еңбек ардагері Тоқтарбай Балықбайұлы, жергілікті ақын Таңбай Балтабаев, заңгер, белсенді азамат Нұртуған Тұржанов, Қарақия ауданының бір топ ардагерлері, ҚР Құрметті барлаушысы, Маңғыстау облысының, Қарақия ауданының Құрметті Азаматы Тұрсынғали Көшенов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, жазушы Кенжебек Сержанұлы бейне үндеулер жариялады.

Аталған парақшада «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, майталман мұнайшы-ардагер Амангелді Бәлдеков қаланың тарихи атауы туралы негіз-дәлелдемелер келтірілген көлемді пост жариялады. ҚР Журналистер Одағының мүшесі Айсағали Қыдырдың да қаланың байырғы тарихы туралы тарихи құнды деректер келтірген посты да қала тарихының тереңнен сыр шертетінін дәлелдейді. Бүгінгі таңда аталған парақшаға 1700 ден астам желі қолданушылары тіркеліп, үзбей қолдау білдіруде.

Бастамашы топтың жұмыс жоспарына сәйкес қала тұрғындары арасында «Форт–Шевченко қаласы атауын тарихи атауы АҚКЕТІКетіп өзгертуді қолдайсыз ба?» атты сауалнама жүргізілді. 3011 сауалнама жинақталып, қорытындысында сауалнамаға қатысушы 98% қала халқы қолдайтыны анықталды.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық ҚБ-нің Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Серікбай Төлетов, «Парасат» қоғамдық – саяси демократиялық қозғалысы облыстық Кеңесінің төрағасы Данияр Аралбайұлы Түпқараған ауданы әкімі Р.Елтизаров атына қолдау хаттар жолдады.

Өңірімізден сайланған ҚР Парламентінің  Мәжіліс депутаттары Е.Жаңбыршин мен С.Мусабаевқа, ҚР Парламенті  Сенатының  депутаттары  Б.Шелпеков, С.Алдашев, С.Трұмовтардың аттарына бастамашыл топ атынан ұсыныс хаттар жолданды. ҚР мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Р.Кәрібжанованың атынан жауап хат келіп түсті.

«Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын мамандандырылған Форт–Шевченко мектеп–интернаты», «Түпқараған аудандық орталық ауруханасы»  ұжымдарымен Бастамашы топ мүшелері кездесулер өткізді, хаттамалар толтырылды.

Түрлі деңгейдегі баспасөз беттеріне мақалалар жарияланды.«Егемен Қазақстан» республикалық газетіне 2018 жылы «Қарашаңырақты кім «ұстап» отыр?» атты журналист Гүлайым Шынтемірқызының мақаласы, аудандық «Ақкетік арайы» газетіне 2018 жылы «Қарашаңыраққа» ежелгі Ақкетік атауын берейік» атты Түпқараған ауданының Құрметті азаматы Аманғали Күзембаевтың мақалалары жарияланғаны белгілі.2022 жылы «Маңғыстау» қоғамдық-саяси облыстық газетіне, аудандық «Ақкетік  арайы»  газетіне  «Ақкетік атауы қайтарылса» атты ҚР журналистер одағының мүшесі Есберген Іңірбайұлының мақаласы шықты.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әнес Сарайдың «Адай тарихы» кітабында АҚКЕТІК тарихы атауы туралы тарихи мәліметтер келтіріледі.

Өлкетанушы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұрлан Құлбай Маңғыстау облыстық мұрағатынан табылған 1915 жылғы архив құжатында  АҚКЕТІК атауы кездесетіні туралы Facebook әлеуметтік желісінде арнайы пост жариялады.

Археолог, тарихшы А.Е.Астафьевтің «YouTube» желісінде «Форт-Шевченко. Маленький город с большой историей» атты бейне материалында  АҚКЕТІК қаласының байырғы тарихы туралы айтылады.

Маңғыстаудың жеті қайқыларының бірі, күйші–домбырашы, әнші, жыршы Өскінбай Қалмағанбетұлының(1860-1925) «Балқасым биге айтқаны» жырында АҚКЕТІК қаласының атауы кездеседі.

АҚКЕТІК қаламыз Патша өкіметінің отарлау саясатынан бастап Ұлт-азаттық қозғалыс, Ақпан төңкерісі, кеңес үкіметінің құрылуы, шаруалар көтерілістері, Азамат соғысы, ашаршылық, репрессиялық жазалау, Ұлы Отан соғысы секілді барлық тарихи оқиғалар дауылын бастан кешті. Тарихы тереңнен сыр шертер қаламызға тарихи атауы қайтарылуы туралы өлке халқының ұсынысы ел Президенті Қ.К.Тоқаевжәне ҚР Үкіметі пен тарапынан қолдау табады деген сенімдемін.

Түпқараған ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Жамаладин Есбергенов:

Арманда кеткен Алаш азаматтары Жалау Мыңбаев, Тобанияз Әлнизов, Төлесін Әлиев, Ораз, Нұрсұлтан, Сәду, Құрбанқали, Лепес  Оңғалбаевтар, Оспан Көбеев, Сыдиық Жұбаев, Шаңытбай Серіков, Зұлқайнар Баймырзаев, Әбдірахман Көбеев, Алпысбай, Қызылғұл Құлшаровтар, Байбоз Қилыбаев, Нәдірбай Айтақов, Қойсары, Тумыш, Кенжебай Сарғожаевтардың кіндік қаны тамған туған қаласы бұл –АҚКЕТІК.

Иса-Досан көтерілісі, Хиуа жорығы, Ахал-теке жорығы, Кеңес үкіметінің орнауы, екінші Адай көтерілісі, екінші дүние жүзілік соғысы секілді аласапыран, алмағайып кезеңдерді басынан өткерген бұл – АҚКЕТІК.

АҚКЕТІК- ақын – жырау, ата – бабаларымыздың жыр толғауларындағы киелі Маңғыстаудың  қарашаңырағы. 

Кеңес Одағы кезінде Маңғыстау өлкесінде бүгінгі Ақтау қаласы мен біздің қаламыз украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне орай аталды. Аңызақ далада оазисті қала салып шыққаны үшін бір топ сәулетші-құрылысшылар 1975 жылы Патрик Аберкромби атындағы халықаралық сыйлықты жеңіп алды, 1977 жылы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Қазіргі Ресей мен Украина елі арасындағы саяси жағдайды алға тартып, қаламыздың АҚКЕТІК  аталуына теріс пікір білдіруші азаматтарға айтарым: жыл сайын қаламызда 18 мамыр күні Украина  диаспорасының қатысуымен «Музей күні» ұйымдастырылып, Т.Г.Шевченконы ұлықтау мерекесі тұрақты түрде өтеді. Украина халқының Қазақстанға соның ішінде Маңғыстау өңіріне өкпесі болуға ешқандай негіз жоқ.  Ақкетік қаласының жергілікті халқы мен ел азаматтарының ұсынысын ескере отырып, Форт – Шевченко қаласы тарихи АҚКЕТІК атауымен аталсын.

Түпқараған ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айкүміс Досанова:

Киелі Маңғыстау жерінде орын тепкен қазіргі Форт-Шевченко қаласының тарихы мұрағаттық құжаттарда көрсетілгендей, орта ғасырлардан Кетікқала қалашығы боп бастау алады. Аталған қалашық Х-ХҮ ғасырларда Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық орталықтарымен сауда байланыстарына айналған. Қалашықта 1716 ж. Ресей патшасы Петр І-дің әмірімен А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция осы жерде алғаш рет орыс қамалының іргетасын қалады. 1846 ж.Ново-Петровск бекінісі бой көтерді. 1857 жылы бекініс маңында пайда болған қала Форт-Александровск, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Форт-Урицкий боп аталды. 1850-1857 жж. айдауда болған Украина ақыны Т.Г.Шевченконың құрметіне орай 1939 жылдан бастап қала Форт-Шевченко атымен аталады.1932 жылы қалада ашылған Т.Шевченконың мемориалдық мұражайы екі елдің достығы мен ынтымақтастығының белгісіндей әлі күнге дейін қала қонақтары тамашалайтын тарихи орынға айналды.

Мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алғалы ұлттық құндылықтарын түгендей бастады. Соның арқасында елімізде жер, су, қала атаулары тарихи атауларына өзгертіліп, кезең – кезеңімен көптеген жұмыстар атқарылып келеді.

Баршаңызға мәлім көптен бері тек қана Форт - Шевченко  қаласының тұрғындары ғана емес, аудан, облыс жұртшылығы Форт – Шевченко атауын тарихи атауына - АҚКЕТІК қаласы деп өзгертуін талап етуде. Әлеуметтік желіде пікір, тілектерін білдіріп жатыр. Осыған орай, Маңғыстаудың қарашаңырағы -  ата – бабамыздың қасиетті жерін АҚКЕТІК атауын қолдаймын және өте орынды деп санаймын.

Тарих пәні мұғалімі  Амангүл Тулжанова:

Форт-Шевченко қаласы- Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Каспий теңізінің шығыс жағасында, облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км жерде орналасқан. Орта ғасырларда бұл жерде теңізайлағы – Кетікқала қалашығы орналасқан.

Геолог ғалым А.Медоев алғашқы қауым адамдарының бір тұрағы Маңғыстау екендігін дәлелдесе, академик В.В.Бартольд ІХ ғасырда бұл мекенде оғыздар болғандығын жазады. Ғалымдар көне Кетік керуен сарайын ХІІІ-ХІҮ ғ.ғ салынған деседі.

Бекініс аумағында жүргізілген археологиялық  қазбалар нәтижесі бойынша Кетікқала қалашығы Х-ХҮ ғасырларда Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық орталықтарымен сауда байланыстары болғанын айғақтайды.Мұнда поляк халқының суретшісі Бронислав Залесский, ғалым-геолог Н.И.Андрусов, географ П.П.Семенов – Тянь-Шанский, этнограф Рихард Карутц, орыс натуралисі, академик М.М.Бэр, жазушы А.Ф.Писемскийлер болған.

1992  жылдың 6 шілдесінде  «Түпқараған  ауданын құру туралы»  ҚР Жоғарғы кеңесінің  Жарлығы  шығып,  Форт-Шевченко қаласы  қайтадан  аудан орталығы  болды. Аталған  Жарлық  жәйдан-жәй оп-оңай шыға салған  жоқ, өз алдына аудан құру үшін біраз  азамат ағаларымыз тер төкті.

Қаламыздың Кетік атануы  тау шатқалдарының кетік-кетік болуынан деген мәліметтер де жоқ емес. Бірақ, менің ойымша дәл осындай қала маңындағы тау-тасы кетік-кетік болып тұрған елді мекендер мен қалалы жер қазақ даласында, әсіресе, Маңғыстауда жетіп артылады. Алайда олардың бірде біреуі «Кетік» деп аталмайды. Қаламыздың байырғы атауының шығуы жөнінде нақты тарихи дерек әлі күнге дейін кездеспеді, себебі бұл жердегі тіршіліктің тарихы тым тереңде, бірақ қала халқы аузында АҚКЕТІК  аталуы тарихи шындық. Бұлай аталуы туралы бергі кезеңдерде сақталған тарихи мәліметтер көптеп кездеседі.

Әлем мәдениетінің ең алғашқы бастау алған киелі жері, ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай қастерлеген АҚКЕТІККЕ тарихи атауын әлі күнге дейін қайтара алмай жүргеніміз көңілімізді қынжылтады. Жас ұрпақ санасына туған жеріміздің төл тарихын сіңіру үшін бұл өте маңызды мәселе. Тегін танымаған елдің келешегі болмайды.Қала атауына ежелгі тарихи АҚКЕТІК атауын қайтаруды сұраймын.

ҚР Журналистер Одағының мүшесі Айсағали Қыдыр:

Біздің Кетіктің тарихы тым тереңде жатыр, яғни ең берісі 900 жыл бұрын басталған. Оны тарихшылар және жерден қазып алынған жәдігерлер дәлелдейді.1846 жылы М.И.Иваниннің басшылығымен Новопетровск бекінісі бой көтерді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған қала Форт –Александровск  кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Форт – Урицкий, 1939 жылдан қазіргі атымен аталып жүр. Біздің болашағымыз алда. Жастар өсіп келе жатыр, ертеңгі күні ел тізгінін алатын жастарға аманат етіп қалдыру үшін, тарихи атауын қайтару өте орынды деп есептеймін және қолдаймын.

Қала тұрғыны  Айтқали Сисенбаев:

АҚКЕТІК атауын қайтару өте орынды деп есептеймін. Басталған бастаманың аяқсыз қалмауына тілектеспін. Барлық  ұсыныс –пікірлерді қолдаймын және қосыламын.

Сонымен бірге қала тұрғындары Н.Нұржанов, Ж.Дуанов, Д.Әкімжанов, Ш.Жұбаназаров сөз алып, қолдауларын білдірді.

 

Жергілікті қоғамдастық жиналысын қорытындылай келе қаулы етті. ҚАУЛЫ:

  1. Форт–Шевченко қаласы атауын тарихи аты АҚКЕТІК атауына өзгерту туралы жиналысқа қатысушылардың Ұсынысы бірауыздан қабылдансын.

 

Дауыс берді:

«Қолдаушылар» - 1204

«Қарсы»- 0

«Қалыс қалғандар» - 0.

 

Жалғанды: Тізім

 

          Жиналыс төрағасы:                                                        Б.Молдабеков    

 

         Жиналыс хатшысы:                                                       Ж.Нұрбаева

Meeting of the local community in the city of Fort Shevchenko in the Tupkaragan district of the Mangystau region
Дата публикации
16 января 2023