Хаттама

Хаттама № 3

 

Таушық ауылы                                                             27 қыркүйек 2019 жыл

 

Таушық ауылдық мәдениет үйінде Таушық ауылының ардагерлерінің есімін Таушық ауылындағы атаусыз көшеге беру туралы жергілікті қоғамдастық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиналыс өткізілді.

 

Қатысқандар: 13 адам

 

Күн тәртібінде:

 

Таушық ауылы ардагерлерінің есімін Таушық ауылындағы атаусыз көшеге беру туралы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Таушық ауылының әкімі Ш.Азирбаев жиналысты ашты.

 

Тыңдалды:

 

Ауыл әкімі Ш.Азирбаев жергілікті қоғамдастық мүшелерін Таушық ауылы ардагерлерінің есімін Таушық ауылындағы атаусыз көшеге беру туралы Таушық ардагерлерінің 3 мамыр 2019 жылғы № 3 хаттамасымен таныстырды.

 

Ұсыныстар:

 

  1. Т.Жеткізгенов – ардагерлер кеңесінің төрағасы, жергілікті қоғамдастық төрағасы

Таушық ауылынан 2 азаматқа көше атауын ұсынғым келіп отыр.

  • Бірінші ұсынарым: Таушық ауылының тумасы Жолдыбаев Турар Естурлиевич - 1947 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1969 жылы мұғалімдіктен бастады. Т.Жолдыбаевтың өміріндегі ең бір айтулы кезең – 1979 жылы Таушықта мамандандырылған «Жаңа жол» кеңшарының құрылуы. 1982-1994 жылдары Таушық ауылдық Кеңес төрағасы, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылық техникасы базасының директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Т.Жолдыбаев КСРО-ның «Үздік еңбегі үшін» төсбелгімен марапатталып, ауыл шаруашылығы көрме-жәрмеңкелерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Таушық ауылынан «Кездесу» жеріне дейін 8 шақырымдық жерді асфальттап, халық алғысына бөленген тұлға. Таушық ауылында 2020 жылы шұбат цехын ашты.

         Үлгілі қызметі мен қоғамдағы жұмыстары үшін 6 төсбелгімен, 2003 жылы ҚР-ның «Ең үздік фермері», «Ең озат ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын иемденіп, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2007 жылы өмірден озды. Артында қалған отбасы шаруашылығын ыдыратпай әлі күнге дейін сақтап отыр.

         Марқұм Т.Жолдыбаевтың есімін Таушық ауылындағы Қ.Жұбайұлы көшесінің 20 үйіне беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдауға шақырамын.

  • Екінші ұсынарым: Сәменов Төлесін Алданұлы – 1913 жылы Маңғыстау ойында дүниеге келген. Төлесін молда /халық арасында солай аталып кеткен/ жастайынан мұсылманша дұрыс сауаттанып, бала жасынан арабша жазылған қисса – дастандарды оқып, көкірегі ояу болып ержеткен. Өз әкесі Іздібайдан арабша сауатын ашып алғаннан кейін тынбай ізденіп, мұсылманша сауатын тереңдете берген.

           Ең бастысы, Төлеген молданың бар күш жігері мен мағыналы өмірін ел ішінде ислам дінін уағыздауға арнағаны еді. Сол үшін Кеңес үкіметінің қаһарына ұшырап, молданың тұқымы болғаны үшін ғана 12 жылдан астам уақыт жас өмірін түрменің тар қапасында өткізді. 1953 жылдың қаңтар айында түрмеден босап шыға салысымен, ел ішінде имандылық уағыздаумен белсене араласты. Кеңес үкіметіне бір күн қызмет етпестен қалың елдің қалауымен ел арасында діни уағыз айтушы молда, абыз ақсақал, білгір шежіреші болды. Айта берсем ауыл азаматтарына жасаған жақсылығы өте көп болды. Осындай жағдайларды ескерте келе Т.Сәменовке Таушық ауылынан көше атауын беруге ұсынамын.

 

  1. Қ.Құлов – ауыл ардагері, жергілікті қоғамдастық мүшесі

           Табылганов Ержигит – 1931 жылы дүниеге келген. 1954 жылдан бастап әкесінің аса таяғын қолына алып, түйе, жылқы бағумен айналысады. Өз бағымына бекітіліп берген жылқы табанынан үнемі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрді. Түйе өсірудегі озат тәжірибені ғылыммен ұштастыру мақсатында 1983 жылы Таушықта облыстық семинар – кеңес өткізіліп, 1984 жылы Ленин ордені табысталды.

           Үлгілі еңбектері үшін 1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасы, 1983 жылғы Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы, 1983-1987 жылдары Қазақ ССР мемлекеттік аграрлық – өнеркәсіптік комитетінің Құрмет Грамотасы, дипломы, 1983 жылы «Ауыл шаруашылығының үздік қызметкері» атағы, 2000 жылы «Түпқараған ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыстық және аудандық партия конференцияларына 4 рет депутат болып сайланды. 9 төсбелгімен марапатталды. 2005 жылы өмірден озды. Аса таяғын ұстап қалған балалары, мал шаруашылығын одан әрі дамытуда.

           Көшеге есімін беру – халықтың өзін сүйген баласына оның еңбегін елегені деп білемін. Сондықтан көше атағын беруге барлығыңызды бірауыздан келісуге шақырамын.

 

  1. Ж.Утебаева – Шахта орта мектебінің директоры, жергілікті қоғамдастық мүшесі

           Жалғасбаева Ханзия – 1927 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1945 жылы бастаған. 1947 – 1992 жылдары әр елді мекенде оқытушы болып қызмет жасаған. Ерен еңбегі үшін Қазақ ССР Оқу Министрлігі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогімен, Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Аға мұғалім» атағымен, 5 төсбелгімен марапатталды. 1952 – 1954 жылдары, 1964 – 1965 жылдары аудандық совет депутаты болып, 1978 жылы Маңғыстау облысы халық ағарту бөлімі «Құрмет грамотасымен», Маңғыстау аудандық комитеті КП Казахстан және аудандық атқару комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Үш рет халық сотына заседатель болды. 9 бала тәрбиелеп өсіріп, «Алтын алқа» иегері атанды. Жолдасы Қиынов Кетебайға да Таушық ауылынан 2017 жылы көше атауы берілген болатын. Шахта орта мектебінде Х.Жалғасбаеваның атында жеке кабинет жасақталды. Көптеген шәкірттері жоғары лауазымда жұмыс жасайды. Осындай жетістіктері бар апайға атаусыз көшеден көше атауын беруге ұсыныс жасаймын.  Және оны сіздер қолдайды деп есептеймін.

 

  1. Ғ.Шаудирбаев – аға дәрігер, жергілікті қоғамдастық мүшесі

           Жөнелбеков Отарбай – 1929 жылы дүниеге келген. 1936 – 1943 жылдары Шахта орта мектебінде оқып, үздік бітірді. Алғашқы қызметі Маңғыстау ауданының орталығы Таушықта байланыс бөлімшесінде телеграмма жеткізуші болып жұмыс жасайды. Байланыс бөлімшесінде 50 жыл жұмыс жасап, сол жерден зейнетке шықты. О.Жөнелбеков кезінде қан майданның хабарын да, Ұлан даланың жаңалығын да бірінші естіп, бірінші қабылдап, елге жеткізіп отырды.

           Бірнеше жыл Таушық ауылдық Кеңесінің депутаты болған кезде, ауыл тазалығы мен мәдениетін жақсарту жөнінде талай бастама көтерді.

           Ерен еңбегі үшін 1977 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, 1986 жылы «Он бірінші бесжылдықтың екпіндісі» значогімен, 1987 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, 1989 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, «Ұлы Жеңіске 30 жыл» төсбелгісімен, «Ұлы Жеңіске 40 жыл» төсбелгісімен, «Ұлы Жеңіске 50 жыл» төсбелгісімен, 1999 жылы «Ұлы Жеңіске 55 жыл» төсбелгісімен, «Ұлы Жеңіске 60 жыл» төсбелгісімен, 2010 жылы «Ұлы Жеңіске 65 жыл» төсбелгісімен, «Маңғыстау облысына 35 жыл» төсбелгісімен марапатталып, 1975 жылы депутат болып қызмет атқарды.

           О.Жөнелбеков зайыбы Нақсұлу екеуі 9 бала тәрбиелеп өсіріп, немере – шөберелерін қызықтап, 2010 жылы өмірден озды.

           Ауылдастарына сыйлы, ісіне орнықты болған Отарбай ағамызға көше атауы берілсе бүгінгі мерекенің жалғасы болар деп есептеймін.

           Жиналысты қорытындылай келе, ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

 

           Таушық ауылының тұрғындары Т.Жолдыбаевтың, Х.Жалғасбаеваның, Е.Табылғановтың, О.Жөнелбековтың, Т.Сәменовтің есімін Таушық ауылындағы атаусыз көшеге беруге мақұлдансын.

  1. Т.Жолдыбаев көшесіне – Қ.Жұбайұлы көшесінде орналасқан 20 үйді өзгерту;
  2. Х.Жалғасбаева көшесіне – IV квартал, №41-ден №79-ға дейінгі үйлер;
  3. Е.Табылғанов көшесіне - IV квартал, №80-ден №120-ға дейінгі үйлер;
  4. О.Жөнелбековке - IV квартал, №121-ден №149-ға дейінгі үйлер;
  5. Т.Сәменов көшесіне - IV квартал, №150-ден №190-ға дейінгі үйлер.

 

Дауыс берді:

«Қолдаушылар» - 13 адам

«Қарсы» - жоқ

«Қалыс қалғандар» - жоқ.

 

           Жиналыс төрағасы:                                                             Ш.Азирбаев

          

           Жиналыс хатшысы:                                                           Ж.Досыбаева

Дата публикации
03 октября 2019