АУДАН ӘКІМІ КӨП БАЛАЛЫ БЕЛСЕНДІ АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІ КӨП БАЛАЛЫ БЕЛСЕНДІ АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан әкімі Рахат Тезекбайұлы Мұнайлыдағы көп балалы белсенді аналармен кездесті. Кездесуге аудан әкімігің орынбасарлары, Қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат хатшысынан бөлек ауыл әкімдері мен бөлім басшылары да қатысты.

Еркін форматта өткен жүздесуде көп балалы аналар өздерін толғандырған әлеуметтік мәселелерді көтерді. Көбісін әлеуметтік көмек, тұрғын үй кезегі толғандырады.

“Барлығы баспаналы болғысы келеді, үй алғысы келеді. Оны жақсы түсінеміз. Бірақ үй тек қана кезекпен беріледі. Ешкім кезектен аттап кетпейді. Егер мен 28-кезекте тұрған көпбалалы анаға үйді бірінші беріп жіберсем, оның алдында тұрған 27 ана сол күні-ақ келеді. Сондықтан барлығы кезекпен жүреді. Біздің аудан туу қарқыны жоғары аудан. Сондықтан Мұнайлыда тұратын 2 отбасының біреуі көп балалы. Осы себепті кезекті күтуге тура келеді.

Оның үстіне көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтып отырған өңірдегі ілгері ауданбыз. Қазір тұрғын үйдің көбісі осы санаттағы отбасыларға беріліп жатыр. Былтыр ғана 80 отбасыға Маңғыстау ауылынан жалдамалы пәтер бердік. 22-кварталдан 30 көпқабатты үй салғалы жатырмыз. Инженерлік желі тарту жұмыстары аяқталып қалды. Енді жобалық сметалық құжаттамасын жасап, сараптамадан оң қорытынды алсақ 700-ден астам отбасы баспаналы болады”,-деді аудан басшысы.

Сондай-ақ ауданда көпбалалы, жалғыз басты аналарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетумен айналысатын “Жанұя” орталығы жұмыс істейді. Орталыққа түрлі сала бойынша хабарласуға болады. Байланыс номері 8 (778) 849-53-83