МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНДЫҚ БЮДЖЕТТІ ҚАРАДЫ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Мұнайлы ауданының 2024 жылға арналған бюджетін талқылау туралы жиын өтті. Оған аудан әкімі Ержан Күмісқалиев пен аудандық мәслихат төрағасы Берік Біләлов төрағалық етіп, аудан депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

Бұл бірлескен отырыста депутаттар аудан әкімімен бюджетті нақтылау мәселесін талқылады. Мұнайлы ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат депутаттар алдында 2023 жылдың бюджетінің игерілуі мен 2024 жылға арналған аудандық бюджет туралы баяндама жасады.

Бюджетке нақтылау негізінен бюджет қаражатын үнемдеу, игермеу және қайтару тәуекелі есебінен жүргізілді.
Беікітілген сома құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медицина, білім беру, кәсіпкерлік, спорт және басқа да әлеуметтік салалардағы мәселелерді шешуге бағыттау ұсынылды.

Баяндаманы егжей-тегжейлі талқылап, депутаттар өз сұрағын қойды. Атап айтқанда, белгілі бір жобаларға қаражат бөлу мен бөлмеудің себептері сұрақ туғызды. Бұған аудан әкімі Ержан Күмісқалиев нақты жауап беріп, ауданда алда жүзеге асатын жобалармен таныстырды. Сондай - ақ, өткен жылы ауданда әлеуметтік саланы дамытуға, жарық шамдарды көбейтуге, жол салуға және абаттандыруға басымдық берілгенін атап өтті.

Аудандық мәслихат төрағасы Берік Біләлов те өз пікірін білдірді.

- Біздің бұлай бірлесе жасаған жұмысымыз өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қатысты жобаларды бірге талқылап, мәселелерді шешу жолдарын қарастырып отырған дұрыс. Ең алдымен өзге емес, біз өз ауданымыздың бюджетін талқыға салып отырмыз. Әр маман өз ісіне жауапкершілікпен қараса дейміз, себебі мұнда мемлекеттің гүлденуі мен дамуына деген айрықша үлес жатыр - деді Берік Біләлов.

Депуттардың ұсыныс - пікірін ескере отырып, аудан әкімі ауыл әкімдеріне, орынбасарларына аталған мәселелерді шешу үшін нақты тапсырмалар берді және қай бағыттар бойынша тығыз жұмыс жасау керегін атап өтті.

Дата публикации
29 февраля 2024