Маңғыстау ауылы әкімінің 2022 жылға есебі

2022 жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларында берген және Үкіметтің, облыс, аудан әкімінің тапсырмалары мен 2021 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде ауылдың тұрғындарына есеп беру кездесулерінде келіп түскен өтініштер мен ұсыныс-пікірлерді орындауға бағытталды.

 

Ауылдың демографиялық жағдайы

 

Маңғыстау ауылының халық саны 2021 жылы өткізілген жалпы ұлттық халық санағының қорытындысына сәйкес 34 701адамды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға немесе 263 адамға өсті. Ауылдың құрамына Маңғыстау ауылы,  Ақ Еспе, Бозжыра, Айрақты, Шерқала, Бесшоқы тұрғын үй массивтері кіреді. Ауылдың территориясы 3063 гектар. Жеке тұрғын үйлер саны - 3926, көп пәтерлі тұрғын үйлер саны – 84, оның ішінде 1881 пәтер бар.

 

Ауылдың экономикалық дамуы

 

Жалпы ауылдың экономикасын шағын және орта бизнес өкілдері құрап отыр. Экономикалық белсенді халық саны – 24 189 адам. Маңғыстау ауылы бойынша Мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі бойынша кірістернің жарты жылдық жоспарының орындалысы 130 % құрайды.

 

                                                 Білім беру

 

          Маңғыстау ауылы бойынша 4 мемлекеттік және 1 жеке меншік  жалпы білім беру орта мектебінде 2 ауысым бойынша 8582 оқушы білім алуда.    2021-2022 оқу жылында мектеп бітірген 291  түлектің 9 алтын белгі және 21 үздік аттестатқа ие болды.

Ауыл бойынша 5 мемлекеттік және 18 жеке меншік балабақшада 2396 бала тәрбиеленуде. Балабақша кезегінде тұрған бала жоқ.

          «1-маусым Халықаралық балалар құқығын қорғау күніне» орай, Маңғыстау ауылындағы №8 орта мектептің аз қамтылған, мүжәлсіз отбасы балаларына  және үздік оқыған балаларға  Маңғыстау ауылының әкімдігі және кәсіпкерлердің қолдауымен марапаттау, естелік сыйлықтар табыстау шаралары өткізіліп,  мерекелік дастарған жайылды.

 

 

 

Денсаулық сақтау

 

Маңғыстау ауылында 250 орындық аудандық орталық емхана, жедел жәрдем станциясы, Бесшоқы тұрғын массивінде орналасқан дәрігерлік амбулатория және жеке меншік «Көңілімқос» медицина орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем станциясындағы көлік саны - 11.

 «Ерекше жан» балаларды оңалту орталығында ай сайын 90 бала ем алып, денсаулығын сауықтыруда. Сонымен қатар, «Мерей» қонақ үй жанын ашылған 10 орындық Мұнайлы аудандық оңалту орталығында күнделікті күндізгі стационар бойынша ауыл тұрғындары ем алуда.

Жарты жылдың қорытындысына сәйкес, 503 бала дүниеге келді. Ана өлімі және  бала өлімі тіркелген жоқ.  2021 жылы өкпе ауруына шалдыққан 18 адам тіркелген, 2022 жылдың алты айының қорытындысына сәйкес, 1 адам өкпе ауруына шалдыққаны анықталды.

 

Әлеуметтік сала

Маңғыстау ауылында 3 тыл ардагерлері және әлеуметтік қызмет көрсетілетін 15 жалғыз басты зейнеткер бар.

Есепті кезеңде  «Алтын Алқа» төс белгісімен 2 ана, «Күміс алқа» төс белгісімен 23 ана марапатталды.

9 мамыр «Жеңіс күні» мерекесіне орай тыл ардагерлеріне естелік силықтар табысталды.

Жыл басынан бері 320 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірді. Оның ішінде, 218 отбасының өтініші қанағаттандырылып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Жарты жылдықтың қорытындысына сәйкес, өмірлік қиын жағдайға тап болған 54 отбасы өтініш білдірді. Оның ішінде, 45 ауыл тұрғынының өтініші қанағаттандырылып  2 710 000 теңге көлемінде бір жолдық материалдық көмек тағайындалды. 

Сонымен қатар,  әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан 16 ауыл тұрғыны өтініш білдіріп, 14 азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Барлығы,   1 194 590 теңге бір жолғы материалдық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, ауыл әкімдігі мен кәсіпкерлердің қолдауымен 40 отбасыға және Миғраж мешітінің жанынан құрылған «Үммет жастары» еріктілер тобының қолдауымен 217 аз қамтылған, көп балалы отбасы, жалғыз басты зейнеткерлерге азық-түлік өнімдерімен көмек көрсетілді.

 

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бойынша

 

Маңғыстау ауылында 349 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, қазіргі таңда 564 кәсіпкер жұмыс жасап келеді. Оларда 2100 астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр.

Жыл басынан «Атамекен» микро қаржы ұйымы арқылы Маңғыстау ауылының 7 азаматы, 50,2 млн тг көлемінде жеңілдетілген несие алды. (оның ішінде: Қ. Айтбаев -  6 млн, Н. Сақымов – 7,2 млн).

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасының жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша 1 қатысушыға грант берілді.  Грант сомасы – 1 млн теңге.

 

Сонымен қатар, 6 ай қорытындысына сәйкес:

 

Тұрақты жұмысқа 85 ауыл тұрғыны орналасты.

Жастар практикасына 17 ауыл тұрғыны.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 17 ауыл тұрғыны.

Қоғамдық жұмысқа 77 ауыл тұрғыны.

 

Ауыл аумағында 43 шаруа қожалығы тіркелген. Олар егін және мал шаруашылықтарымен айналысып, Мұнайлы ауданы аумағында өткізілетін ауыл шарушылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде өз өнімдерін сатуда.

Шаруа және үй қожалықтарында қожалықтарында барлығы  440 бас ірі қара, 448 бас түйе, 1067 бас жылқы және 4211 бас ұсақ мал тіркелген.

Өңірдегі құрғақшылыққа байланысты «Жасыл дәліз – 3» кезеңінде аналық басқа қайтарымсыз берілетін бір реттік көмек қаржыға 21 үй шаруашылығы, 2 шаруа қожалығы өтініш білдіріп, тиісті органға құжаттары жолданды.

Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, жыл басынан 412  бұралқы ит ауланды.

 

Мәдениет және спорт

 

Ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында, оларды өнерге баулуға «Өнер» мектебі мен «Өркен» және «Тұлпар» аула клубтары өз жұмыстарын атқаруда. «Өнер» мектебінде 8 бағыт бойынша 358 бала,  «Тұлпар» аула клубындағы 7 үйірмеде 447 бала, «Өркен» аула клубындағы 7 үйірмеде 310 бала қамтылған.  Ал, Мәдениет үйіндегі            10 үйірмеде 373 ауыл жастарын өнерге баулып келеді.

Маңғыстау ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» 6 спорт түрі бойынша 552 бала спортпен шұғылдануда.

«Жеңіс» жекеменшік спорт кешенінде 5 спорт түрі бойынша 226 бала спортпен шұғылдануда.

«Миғраж» мешіті жанындағы спорт залда шағын футбол, волейбол, үстел теннисінен ауыл жастары тұрақты түрде шұғылданып келеді.

Бесшоқы т.ү.м. 160 көрерменге арналған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде 9 спорт түрі бойынша 400 ден астам бала спортпен шұғылдануда.

Ауыл көлемінде 8 ашық спорт алаңы мен 12 балалар ойын алаңдары орналасқан.

Мемлекеттік қызмет көрсету

 

«Маңғыстау ауылы әкімінің аппаратына» жыл басынан бері  181 арыз келіп түсті. Оның ішінде 160 жеке тұлғалардан, 21 заңды тұлғалардан. Ауыл әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы кестеге сәйкес және кестеден тыс күнделікті жүргізілді. 2021 жылы  ауыл әкімі аппараты тарапынан 54 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы – өтініш түскен жоқ, «Электрондық үкімет веб порталы» арқылы  - 54  өтініш түсіп заң аясында жауап берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Маңғыстау ауылы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстарға уақытылы және нақты жауап берілді.

Есепті кезеңде, Маңғыстау ауылы әкімдігінде орналасқан «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышына» 42  ауыл тұрғындары жүгініп, өздеріне қажетті қызметтерді электронды түрде алды және атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірді.

                    Абаттандыру және көгалдандыру

 

Көгалдандыру есебінен:  Ағымдағы жылы Маңғыстау ауылы аумағына  тал және жасыл желектер  отырғызылған жоқ. Себебі,  осы уақытқа дейін отырғызылып, өсіп тұрған ағаштарды сақатап қалу бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп, ағаштарды баптау, тұрақты түрде  суару және түбін қопсыту жұмыстары жүргізілді. Орталық көшелер мен жаяу жүргінші жолдардың қураған шөптерін тазалау және көп қабатты тұрғын үйлер арасындағы қураған ағаштарды кесу, тасымалдап шығару жұмыстары жүргізілуде.

Абаттандыру есебінен: 2021 жылы Шерқала тұрғын массивінен спорт алаңы және стрит воркаутпен қамтылған саябақ құрылысы басталған болатын.  Алайда, мердігер мекеме келісім шартта көрсетілген міндеттерін тиісті деңгейде және уақытында орындамағаны үшін сотқа жосықсыз деп тану үшін талап-арыз беріліп, қанағаттандырылды.

Қазіргі таңда, саябақ құрылысын аяқтау мақсатында ЖСҚ жасақталуда.

Ауыл тұрғындарының өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, Айрақты тұрғын үй массивінен спорт алаңы мен балалар ойын алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, бұл жұмыстар 90 пайызға аяқталды.

Маңғыстау ауылындағы 25 үй  алдындағы қараусыз қалған спорт алаңын қайта жабдықтап,  балалар ойын алаңы, футбол және баскетбол алаңы, стрит воркаут және автотұрақ құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме  "АА-Стройинжиниринг" ЖШС. Жобаның аяқталу мерзімі 31.08.2022 жыл.

Айрақты тұрғын массивінен Маңғыстау ауылына дейін ұзындығы 1,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолын төсеу жоспарымызда бар. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

 

 

Көп қабатты тұрғын үй және жер мәселелері бойынша

 

ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі тарапынан  Маңғыстау ауылы бойынша көп пәтерлі 10 тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу жұмыстарына смета жасақталды. Қаржы мәселелерінің оң шешімін табуына қарай жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Маңғыстау ауылы бойынша 24 пәтерлі 30 көп қабатты тұрғын үйдің ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан  оң қорытындысы күтілуде. Қазіргі таңда, салынатын 30 көп қабатты тұрғын үйдің инжинерлік желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Маңғыстау ауылы бойынша жер кезегінде 2006 жылдан бері 3622 азамат тіркелген. Бесшоқы тұрғын массивінен 150 жер учаскесіне           2020 жылғы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында табиғи газ және 2021 жылы электр желілері тартылып қабылдау жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда, тізімді нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған жер телімдері кезектілікпен берілетін болады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік мақсатта 9 жер учаскесі аукцион арқылы сауда-саттыққа шығарылып, 3 жер учаскесі жалпы сомасы 11 756 372,41   тг сатылды.

Игерілмеген және келісім шарт талаптары орындалмаған 5 жер учаскесі мемлекет меншігіне кері қайтарылды.

 

Инженерлік инфрақұрылымдар

 

Маңғыстау ауылы халыққа қажетті негізгі энергоресурстармен, соның ішінде электр энергиясымен, жылумен және табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ауылды кәріз жүйесімен қамту құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Аталған жоба қазіргі таңда  75 % -ға орындалды.

Ауыл ішілік автокөлік жолдарының жылпы ұзындығы 96,7 шақырымды құрайды, соның ішінде асфальт жолдар 47 шақырым, қатқыл табанды жолдар 49,7 шақырым.

Ауыз су. Орталықтандырылған құбыр арқылы ауыз сумен Маңғыстау ауылы 100 пайызға қамтылған. Алайда, су мөлшерінің аз болуына  байланысты жаз мезгілінде ауыз су тапшылығы бар. Бұл мәселені оңтайлы шешу және Маңғыстау ауылын мүмкіндігінше толық сумен қамту мақсатында кесте арқылы ауыз су берілуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары ауыз суды  «Маңғыстау Жылу» КММ мекемесі арқылы жеңілдетілген бағада тапсырыс беруге мүмкіндіктері бар.

 

Қылмыстық ахуал туралы.

 

Ауылда 3 учаскелік пунктте штат бойынша барлығы 4 учаскелік полиция және 5 көмекші бар. Есепті кезеңде Маңғыстау ауылы бойынша 53 ірі және ұсақ қылмыстар тіркелді. Қазіргі таңда олардың 44 ашылып, қылмыскерлер заң аясында жауапкершілікке тартылды. Ал, 9 іс бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жыл басынан жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасында қылмыстың алдын алу мақсатында білім бөлімі, учаскелік полиция инспекторлары және ауыл әкімдігі тарапынан  рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізілді.

 

 

 

 

Алға қойған міндеттер:

 

  1. Шерқала т.ү.м. саябақ құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру.
  2. Маңғыстау ауылы бойынша көп пәтерлі 10 тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу.
  3. Ауыл тазалығын қамтамасыз ету және үнемі бақылауда ұстау. Ауылды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізу. Орталық көшелер мен жаяу жүргінші жолдардың қураған шөптерін тазалау және ауыл көлеміндегі ағаштарды суару, көп қабатты тұрғын үйлер арасындағы қураған ағаштарды кесу және тасымалдап шығару.
  4. Айрақты т.ү.м. балалар ойын алаңы мен спорт алаңын аяқтау.
  5. Маңғыстау ауылы, № 25 үй алдындағы спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне беру.
  6. 2006 жылдан бері Маңғыстау ауылында жер кезегінде тұрған азаматтарға кезектілікпен жер учаскелерін беру.
  7. Маңғыстау ауылындағы «Тәуелсіздік» саябағын күтіп ұстау. Бейне бақылау камераларын оранату.
  8. Айрақты тұрғын массивінен Маңғыстау ауылына дейін жаяу жүргіншілер жолын салу.
Дата публикации
11 июля 2022