2021 жылғы ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жұмыстар Елбасының және Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауларында берген және Үкіметтің, облыс, аудан әкімінің тапсырмалары мен өткен жылы ауылдық округ тұрғындарына есеп беру кездесулерінде келіп түскен өтініштер мен ұсыныс-пікірлерді орындауға бағытталды. Түбейгелі мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, кейбір мәселелер оң шешімін тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы бағыттардың бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Халықпен кері байланыс орнату» бағыты бойынша жасалған жұмыстарды атап өтетін болсақ, Дәулет ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік желілер яғни, инстаграмм және фейзбук желілерінде жеке парақшалары ашылып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатылған. Өңірдегі жағдайға байланысты ауыл әкімі және ауыл әкімі орынбасарының тұрғындарды қабылдау жұмыстары әлеуметтік желі арқылы онлайн жүргізіліп, сұрақтарға нақты, дәлелді жауаптар берілді.
АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
Дәулет ауылдық округінің құрамына Дәулет ауылы және ЖаңаДәулет тұрғын массиві кіреді. 2020 жылы халық саны 11213 адамды құраса, жыл соңында жүргізілген ұлттық санақ қорытындысы бойынша 11309 адамды құрап отыр. Оның ішінде; экономикалық белсенді халық саны – 7214, оның ішінде 2021 жылы тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны – 360. Ауылдық округ бойынша аула саны – 1455 үй, ауылдық округ аумағының жалпы ауданы – 33747 гектар жерді қамтиды.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі енгізілген болатын. Яғни салықтың 4 түрі бойынша (жер, мүлік, жеке және заңды тұлғалардың көлік және жеке табыс салығы) түсімдер ауылдық округтің шотына түсіп отыр. 2021 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, салықтық түсімдерден түсетін түсімдер 98,2%-ға орындалды. Яғни, түсімдер бойынша 01.01.2022 жыл жағдайына жоспар 108 млн. 100 мың теңге болса, оның кассалық орындалысы 95 млн. 800 мың теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, осы салықтық түсімдерге ауылдық округтің 1447 тұрғындарының берешегі 4 млн. 812 мың теңге.
БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША
Бүгінгі таңда, ауылдық округ бойынша 960 орындық бір орта мектеп, 280 орындық бір мемлекеттік және 2 жекеменшік балабақшалар жұмыс жасайды.
№4 жалпы білім беру орта мектебі 2021-2022 жаңа оқу жылын 1700 оқушы 187 мұғаліммен бастады. Еліміздегі жағдайларға байланысты, ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін аз қамтылған 243 оқушыға 25000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Барлық оқушы офлайн форматта білім алуда.
2021 жылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 24 (23-мемлекеттік, 1-серпін) оқушы мемлекеттік грантқа түсті.
ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ БОЙЫНША
Дәулет ауылдық округіндегі 2009 жылы ашылған бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы 35 штат бірлігімен жұмыс жасап келеді. Аталған орталық нормативке сәйкес күніне 50 адам қабылдауға есептелген, алайда, бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы халық санының көптігіне байланысты бекітілген нормадан артық күніне 120 адамға қызмет көрсетуде.
Осыған орай, ЖаңаДәулет тұрғын массивінен жеке кәсіпкердің бастамасымен тәулігіне 20 адамға арналған жекеменшік дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Қазіргі таңда, жер телімін қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, аукцион арқылы беруге құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Дәулет ауылдық округі бойынша 2020 жылы 228 сәби дүние есігін ашса, 2021 жылы 265 бала дүниеге келген, ана мен бала өлімі тіркелген жоқ.
Мемлекет тарапынан бөлінетін дәрі-дәрмекті қажет ететін тұрғындар 100 пайыз қамтылып отыр.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА БОЙЫНША
Дәулет ауылдық округінде зейнеткерлер саны – 471. Оның ішінде, 3 тыл ардагерлері, 6 ауған соғысының және 1 Чернобыль апатының ардагерлері бар. Ауылдық округ тұрғындарының «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 185 ананы құрап отыр. Ауылдық округ бойынша жыл басынан бері 47 отбасыға әлеуметтік - гигиеналық пакеттермен қоса атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Дәулет ауылдық округі бойынша әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған отбасыларға әкімдік және жеке кәсіпкерлер тарапынан 75 отбасыға қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер тарапынан әр жұма сайын аз қамтылған және отбасылық жағдайы төмен тұрғындарға азық-түлік пакеті таратылады.
Сондай-ақ, ауыл жастарын жазғы демалыста уақыттарын тиімді пайдалану және еңбекке деген көзқарастарын қалыптастыру мақсатында, бірінші кезеңде 12 және екінші кезеңде 14 ауыл жастары «Жасыл-Ел» сарбаздары қатарында ауылдың көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты.
«Мектепке жол акциясы» аясында, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларындағы – 120 оқушы мектеп құралдарымен қамтамасыз етілді.
КӘСІПКЕРЛІК, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША
Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, ауылдық округте 48 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 80 адам жұмыспен қамтылған. Өндірістік база –5, шағын дүкен – 34, дәріхана – 4, көлік жуу –3, көлік жөндеу – 1, тігін шеберханасы – 1, 2 газ құю бекеті және жекеменшік 2 балабақша өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
2021 жылы кәсіпкерлік мақсатта «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 2 ауыл тұрғыны оқып, тігін және мал шаруашылығы бойынша қайтарымсыз грант ұтып алды.
Сонымен қатар, Бизнес жол картасы – 2025 мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 жоба – жалпы құны 48,5 миллион теңге алған.
Нұр капитал бағдарламасы бойынша 1 ауыл тұрғыны 20 миллион теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытып отыр.
Барлығы 7 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы бойынша, қазіргі таңда, ауылдық округ аумағында 22 шаруа қожалығы тіркелген. Олар Атамбай және Ұйқылы аумағында мал шаруашылығымен айналысуда. Ауыл шаруашылық базасына тіркеліп, сырғаланған мал саны: сиыр басы – 208, ұсақ малдар - 2022, жылқы – 751, түйе – 893 құрап отыр.
Қазіргі қуаңшылық жағдайға байланысты үкіметтен бөлінген қаржылай көмектен 17 шару қожалығы 6 684 000 теңге, 26 жеке қожалық 1 884 561 теңге ақшалай көмек алды.
Жасыл дәліз-2 арқылы қосымша 2 шаруа қожалығы және 24 жеке үй қожалықтары малдарын ИСЖ базасына тіркеп, қайтарымсыз қаржылау көмекке өтініш білдірді.
Ауылдық округ бойынша 2020 жылы 286 ит жойылса, 2021 жылы 250 ит ауланып, жойылды.
ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР БОЙЫНША
Жер мәселесі бойынша және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы- ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан 2021 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша 91 қызмет көрсетілді.
Жер саласы бойынша жеке және заңды тұлғалардан 128 өтініш қабылданып, жер учаскелеріне қатысты 106 шешім қабылданды.
ҚР ӘҚБтК 136 бабына сәйкес (218 775 теңге көлемінде) жер телімін заңсыз пайдаланған 4 жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 875 100 теңге айыппұл салынып мемлекетке өндірілді.
Сонымен қатар, өзіндік қосалқы шаруашылыққа берілген 14 (он төрт) жер телімнің пайдалану мерзімі өтіп кетуіне байланысты, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекетке қайтару туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда, аталған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Дәулет ауылдық округі әкімдігінде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 1490 тұлға жер кезектілігіне тіркелген.
Осыған орай, бас жоспарға сәйкес, жаңа жер телімдерін беру бойынша орын қарастырылған. Қазіргі таңда, аталған жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылымдар (электр энергиясы, газ) тарту жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілгеннен кейін, 2008 жылдан бастап кезекте тұрған азаматтарға ҚР қолданыстағы заңдарға сәйкес, кезектілік негізінде берілетін болады.
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫ БОЙЫНША
Дəулет ауылдық округінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасауда. Мектепте 2021-2022 оқу жылында 13 бапкер 8 спорт түрімен барлығы 523 жасөспірімдерді спортпен қамтып отыр. 2021 жылы әр түрлі спорт түрлерінен өткізілген Республикалық және халықаралық жарыстардан 66 спортшымыз жүлделі орындарға ие болса, облыстық, қалалық және ауданаралық жарыстарда 91 спортшымыз жүлделі (І, ІІ, ІІІ) орындарды иеленді.
Мәдениет саласына келетін болсақ, ауылдық округтен кітапханасымен бірге 200 орындық ауыл клубының ЖСҚ жасақталып, 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл – ел беісігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға ұсынылып, құрылысын бастау жоспарлануда.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкердің бастамасымен «Қарақат мектеп студиясы» 2021 жылдың қараша айынан бастап жұмыс жасауда. Қазіргі таңда, домбыра, вокал және би үйлеріне 100-ден астам бала қатысуда.
КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ БОЙЫНША
Дәулет ауылдық округі аумағынан 2016-2018 жылдары өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілген жер телімдеріне тоқ және газ желісін тарту жұмыстары өзекті мәселелердің бірі болатын. Осыған орай, тоқ және газ тарту жұмыстары бойынша мердігер мекеме анықталып, қазіргі таңда, құрылыс жұмыстары 100 пайыз аяқталды. 27 орамда орналасқан тұрғын үйлер толық тоқ желісіне қосылды.
Газ желісін тарту жұмыстары да 100 пайыз аяқталып тұр. Қазіргі таңда, аяқталған газ желісін орта қысымды газ желісіне қосу үшін ҚазТрансГаз Аймақ мекемесінің талаптарына сәйкес, мердігер мекеме құжаттарын рәсімдеуде. Аталған құжат жұмыстары біткеннен кейін, ауыл тұрғындарының ҚазТрансГаз Аймақ мекемесінен техникалық шарт ала отырып, қосылуға толық мүмкіндіктері бар.
Дәулет ауылдық округі бойынша тұрғын үйлер орталықтандырылған ауыз су құбыры арқылы толық қамтылған. Алайда, Дәулет және ЖаңДәулет тұрғын массивтеріне бекітілген кесте бойынша ауыз су құбыр арқылы күн арадан беріледі. Қазіргі таңда, ауыз су құбыр арқылы 500-550 текше метр су берілсе, жаз мезгілінде бұл сұраныс екі есе артып 1000-1100 текше метр су қажет.
Дәулет ауылдық округі бойынша барлығы 45 шақырым жол бар, оның ішінде, 11 шақырым жол асфальтталған.
Қазіргі таңда, Жаңа Дәулет тұрғын үй алабына – 8 шақырым, Дәулет ауылына (Ескі Дәулет) – 7 шақырым асфальт салу бойынша жобалық іздестіру жұмыстары (ПИР) жасақталып, жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін аудандық экономика және қаржы бөліміне тиісті қаражат бөлуге ұсыныс берілді.
Сонымен қатар, ауылішілік көшелерге орташа жөндеу жұмыстары бойынша сметалық құжаттама жасақталып, 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл – ел беісігі» бағдарламасы аясында жобалардың тізіміне енгізілді. Алдағы уақытта тиісті қаржысы қарастырылған жағдайда, кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстары есебінен Дәулет ауылының 13 кварталының көше жолдарына және Жаңа Дәулет тұрғын массивінің 699-713 үйлері аралығындағы жолға тас аралас құм төсеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы 1,4 шақырым жол тегістелді.
2021 жылы елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазарту және көшелерді жарықтандыру бойынша төмендегідей жұмыстар атқарылды:
Ауылдық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында, әсіресе, көшеде жүрген ірі қара үй жануарларының қоқыс жәшіктерін шашпауы үшін орталық көше бойына арнайы қоқыс жәшігінің сыртына қоршау жасалды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
ҚЫЛМЫС ПЕН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР БОЙЫНША
Ауылдық округ бойынша қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында учаскелік тірек пунктінде 1 учаскелік инспектор қызмет етеді. Дәулет ауылдық округі бойынша 2021 жылы аса ауыр қылмыс деректері тіркелген жоқ.
2022 жылға қойылған міндеттер мен жоспарлар және оны одан әрі дамытудың негізгі бағыттары: