2021 жылдың 31 желтоқсанында ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Аталған заңның жаңашылдығының бірі - бюджеттік мәселелерді реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген.
Бұған дейін аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізіліп, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту немесе нақтылау туралы мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататындар қатарынан шығарылған болатын.
Қазіргі таңда, мұндай нормативтік құқықтық актілердің қатарына аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерін бекіту немесе нақтылау туралы мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері де енгізілді (Заңның 35-1-бабы 3-тармағының 4-1) тармақшасы).
Яғни, мәслихаттардың үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттерді бекіту туралы актілері ҚР Әділет министрлігінде келісуге және мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес нормативтік құқықтық актілерді (әрі қарай-НҚА) шығару және қолдану заңдылығы аталған НҚА-ге толықтай қолданылады.
Осылайша, әзірлеуші/қабылдаушы органдарымен мәслихаттардың көрсетілген деңгейлердегі бюджеттерін бекіту немесе нақтылау туралы НҚА-сын әзірлеу, қабылдау және ресми жариялау процесіне қатысты заңнаманың басқа да талаптары сақталуы (НҚА жобасын Ашық НҚА интернет-порталында орналастыру, НҚА ЭББ-де орналастыру үшін «ЗҚАИ» РМК-ға ресми жариялауға жіберу) қажет.
Қорыта келе, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласындағы жаңашылдық бюджеттік рәсімдерді оңайлату және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешуге бағытталғандығын атап өтеміз.
Маңғыстау облысының әділет департаментінің
әкімшілік-құқықтық бөлімі