
ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: СПОРТ – ТӘРБИЕ МЕН ТӘРТІПТІҢ НЕГІЗІ
Маңғыстау ауданы әкімдігі мен аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шетпе ауылындағы мәдениет үйінде жоғары сынып оқушыларымен «Спорт – тәрбие мен тәртіптің негізі» тақырыбында кездесу өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Маралбек Сейлов, аудан прокуроры Азамат Көшев, гир спортынан Әлем чемпионы Нартай Алтыбаев, мектеп оқушылары мен сынып жетекшілері қатысты.
Кездесудің мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спортқа қызығушылығын арттыру.
Басқосу барысында аудан прокуроры Азамат Көшев жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау және құқық бұзушылықтың салдары туралы түсіндірді. Ал әлем чемпионы Нартай Алтыбаев спорттағы жетістіктері мен табысқа жету жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жастарды табандылыққа, тәртіпке және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Кездесу аясында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау мақсатында Маңғыстау ауданының прокуратурасы, аудан әкімдігі және Нартай Алтыбаевтың жеке спорт залы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Жиын соңында қатысушылар спорт залына барып, жаттығу барысымен танысты. Нартай Алтыбаев оқушыларды спортпен тұрақты айналысуға шақырып, меморандум аясында жастарға тегін жаттығуға мүмкіндік берілетінін жеткізді.