
2889 белсенді кәсіпкер, 386 млн несие, 2 есе көп турист: Маңғыстау ауданындағы 9 айдың қорытындысы
Аудан әкімі Ерғали Скендировтің төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, кәсіпкерлік және туризм салаларында атқарылған жұмыстарды бөлім басшысы Сағыныш Жұбанов баяндады.
Ауданда 2 971 кәсіпкер тіркелген, оның 2 889-ы белсенді жұмыс істейді. 365 кәсіпкерлік нысаны бар, оның 282-сінің жұмысы тұрақты. Бұл нысандарда 1 088 адам жұмыспен қамтылған.
Атап айтқанда, 69 азық-түлік дүкені, 24 тамақтану орны, 12 шағын маркет, 8 мейрамхана, 7 наубайхана, 23 көлік жөндеу және жуу орталығы мен 66 газ құю бекеті қызмет көрсетіп тұр.
Кәсіпкерлерді қолдау аясында «Даму» қоры және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаңтар-қыркүйек айларында 27 кәсіпкерге 386 млн теңге несие берілді.
Несие мал шаруашылығы (11), шұжық цехы (3), наубайхана (3), этноауыл, жылыжай, жиһаз цехы сынды бағыттарға бөлінген.
Сонымен қатар 30 кәсіпкер грантқа құжат тапсырып, 20-сы жеңімпаз атанды. Оларға 400 АЕК мөлшерінде жалпы 34,6 млн теңге берілді. Нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Гранттың көбі Шетпе ауылына (13 жоба) тиген.
- Кәсіпкерлік - ауданның экономикалық тірегі. Бөлінген әр теңге нақты нәтиже беруі керек. 20 жаңа жұмыс орны - 20 отбасының табысы деген сөз, - деді аудан әкімі Ерғали Скендиров.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін «Каспий» ӘКК-мен бірлесе Шетпедегі «Әдемі» дүкені арқылы тұрғындарға арзан бағамен 30 тонна қант, 34 тонна ұн, 64 мың дана жұмыртқа және т.б. өнімдер сатылды.
Шетпедегі жәрмеңкеге ақпан-қыркүйек айларында 33 шаруа қожалығы қатысып, 5 278 кг саудаланды, баға - 2400-2700 теңге. Тұрғындар 1 млн 990 мың теңге үнемдеген.
Туризмге келсек, саяхатшылар саны 2 есе өсті. 2026 жылдың 9 айындағы көрсеткішке сәйкес, Тұзбайырға 2025 жылы - 3100 адам келсе, биыл - 7113 адам келген. Айрақтыға - 7000, Көгезге - 11 000, Торышқа - 5800 адам саяхаттаған. Самалға келгендер саны - 5000 адамға жуық, оның ішінде Қытай, Германия, Үндістаннан келіп көрген.
Туристік аумақтардың тазалығын «Таза Маңғыстау» МКК апта сайын жүргізіп отырады. «Қарақұдықмұнай» және «Buzachi Operating Ltd» компаниялары да көмектеседі.
Жиын соңында әкім туристік нысандардың тазалығын сақтауды және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауды күшейтуді тапсырды.