
Маңғыстау ауданында тазалық, жылыту маусымы және бюджет мәселелері қаралды
Бүгін аудан әкімі Ерғали Скендировтің төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста жылыту маусымы, елді мекендердің санитариялық тазалығы және аудан бюджетінің орындалуы мәселелері қаралды.
Аудан бюджеті бастапқыда 13 695 517,0 мың теңге болып бекітілген. Төрт рет нақтыланғаннан кейінгі көлем – 19 912 994,4 мың теңге. Есепті кезеңде бюджет кірістері 89,8%, шығыстары 73,6% орындалған.
Жауапты бөлімдерге жыл соңына дейін қаржыландыруды қажет ететін жобаларды бақылауда ұстап, бюджет қаражатының игерілуіне кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешу тапсырылды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – санитариялық тазалық. «Таза Маңғыстау» коммуналдық кәсіпорны елді мекендер мен туристік аумақтарды тазалау, абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізіп келеді. Кәсіпорынның 10 ауылдық елді мекенімен тазалық жұмыстарына байланысты келісімшарты бар.
Тұрмыстық қалдықтарды уақтылы жинаумен қатар, оны төгетін полигондардың жайын да бақылауда ұстау қажет. Бұл ретте Жыңғылды ауылындағы полигон жобасы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Шетпе ауылындағы жаңа полигон бойынша жобалау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен бірге бірқатар елді мекенде уақытша қалдық жинау орындарын ұйымдастыру мәселесі шешілуі тиіс.
Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық жұмыстары да пысықталды. Аудандағы 111 әлеуметтік нысан бойынша дайындық – 100%, жылу құбырларының 98%-ы жаңартылған.
Сонымен қатар электр желілерінің тұрақтылығын арттыру бағытында Бозашы түбегіндегі жоғары кернеулі желілер жаңартылып, Онды ауылындағы қосалқы станция пайдалануға берілді. Шетпе елді мекеніндегі ескі трансформаторларды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
- Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, елді мекендердің тазалығы және жылыту маусымына дайындық – тұрғындардың тұрмысына тікелей қатысты мәселелер. Сондықтан әр жауапты басшы өз бағыты бойынша жұмысты күшейтіп, белгіленген тапсырмалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек. Жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстардың сапасына ерекше мән береміз, – деді аудан әкімі.
Жауапты бөлімдерге берілген тапсырмалардың орындалуы әкімнің бақылауында болады.