400 -ге жуық Маңғыстаулық тегін ауыстырды
2024 жылдың 8 айында Маңғыстау облысының АХАТ бөлімдеріне тегін, атын, әкесінің атын өзгертуге 389 азамат өтініш білдірген. Сондай-ақ азаматтық хал актілеріне өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы 2571 өтініш түскен.
Естеріңізге сала кетейік, он алты жасқа толған әрбір Қазақстан Республикасының азаматы тегін, атын немесе әкесінің атын өзгертуге өтініш бере алады. Азаматтық хал актілеріне өзгерістер енгізу үшін он алты жасқа толмаған балалар ата-анасынан немесе заңды өкілінен өтініш беруі керек. Сонымен қатар, он жастан бастап баланың жеке деректерін өзгерту үшін оның келісімі қажет.
Тегiн, атын және әкесiнiң атын өзгертуге мынадай жағдайларда жол берiледi:
- Тегі, аты, әкесінің аты оғаш естілуі немесе айтуға қиындық келтіруі;
- Жұбайымен ортақ текте немесе некеге дейінгі тегін алғысы келсе;
- бұрыңғы некедегі (ерлі-зайыптылықтан) ортақ балаларымен немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда оның тегін, атын, әкесінің атын ауыстырғысы келгенде;
- ата-анасының ұлты әр түрлі болып, олардың бірінің ұлтын таңдап аты немесе тегін ауыстырғысы келгенде;
- құжаттардағы есімнен өзгеше өмірде қалыптасқан тегін, атын, әкесінің атын өзгерту ниеті;
- ұлттық дәстүр бойынша әкесінің немесе атасының аты бойынша тегін өзгерту;
- өтініш берушіні нақты тәрбиелеген адамның тегі және аты бойынша тегін және (немесе) әкесінің атына өзгерту;
- хирургиялық жолмен таңдалған жынысқа сәйкес тегін, атын, әкесінің атын өзгерте алады.
Өтініш беру үшін міндетті түрде өзгерістердің себептерін көрсету керек. Бұл ретте туу, неке немесе некені бұзу туралы куәліктер, атын, әкесінің атын өзгерту туралы өтініш беру себептерін растайтын құжаттар, сондай-ақ өтініш берушінің фотосуреті қоса берілуі тиіс.
Айта кетерлік, қызметке өтінішті электронды түрде Қазақстан Республикасы аумағындағы кез келген АХАТ бөлімдері арқылы және «электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.