Мемлекеттік қызметтегі үстеме жұмысқа бақылау күшейтілуде
Атап өту қажет, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы және еңбек заңнамасының талаптары негізінде жұмыс уақытынан тыс, шұғыл істелінетін, демалыс және мереке күндері жұмыстарға тарту (елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кездерін қоспағанда) үшін мемлекеттік қызметшілердің жазбаша келісімдері болуы қажет.
Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары негізінде, ағымдағы жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумның негізгі мақсаты тараптар арасындағы өзара әрекеттесуді мемлекеттік органдардың еңбек заңнамасы мен мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының сақталуы бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту, еңбек тәртібін бұзудың жолын кесу, еңбек заңнамасы мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін жетілдіру болып табылады.
Осы ретте, Департамент тарапынан Инспекцияға қол жетімділікті бақылау және басқару жүйесіндегі жұмыс уақытының деректеріне жүргізілген мониторинг қорытындылары жолданатын болады. Ал, Инспекция өз тарапынан анықталған бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жауапты лауазымды қызметшілердің жауапкершілігін қарау бойынша шараларды қабылдайды.
Бұған дейінгі тәжірибеде де Департамент пен Инспекция арасында бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту заңдылығы мәселесімен айналысып келеді.
Мысалыға, Департаментпен облыстық жергілікті атқарушы органдарынан 2020 жылғы қыркүйек, қазан, желтоқсан айларындағы ҚЕБЖ-нен алынған мәліметтерді талдау барысында, 2020 жылдың қыркүйек айында 37 мемлекеттік қызметші 226 сағат, қазан айында 47 мемлекеттік қызметші 121 сағат, желтоқсан айында 37 мемлекеттік қызметші 276 сағат үстеме жұмыстарына тартылғандықтары белгілі болып, Инспекцияға хабарлама жолданған.
Өз кезегінде, Инспекциямен тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыстарға тартылғаны расталып, мекеме басшысына қызметтік жазба жазып, өз келісімдерімен үстеме жұмыстар жасағандары анықталған.
Алайда, жұмыс берушімен жұмыскердің нақты жұмыс істеген уақытын есепке алу жүргізілмеген. Үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынбаған. Осымен Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 79 бабы 2 тармағының (бұдан әрі – Кодекс) талабын бұзу орын алған.
Кодекстің 108 бабына сәйкес үстеме жұмысқа тартылған қызметкерлерге үстеме жұмысқа ақы төленбеген немесе сол көлемде демалыс сағаттары берілмеген.
Анықталған бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау үшін мекеме басшыларына Инспекциямен нұсқама енгізіліп, соның негізінде үстеме жұмысқа тартылған қызметшілерге тиісті үстеме ақылар төленіп, құқықтары қорғалды.
Қол қою рәсімінде аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұлов бұл ынтымақтастық туралы келісімнің мемлекеттік органдарда тек қана еңбек заңнамасының сақталуына емес, жалпы мемлекеттік қызметшілер арасындағы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына, яғни қызметкерлердің құқықтарының қорғалуына зор ықпал ететініне сенімін білдірді.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Н.Баулыбаев ортақ мақсатқа жетелейтін бұл келісімнің заңбұзушылықтардың алдын алып, жалпы мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге септігін тигізетіндігін баса айтты.