Кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған заңнамалардың қолданысына қадағалау жүргізу прокуратура органдары қызметінің негізігі басымдық бағыттарының бірі болып табылады.
Өз кезегінде, мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен оларға қолдау көрсету және әртүрлі әкімшілік кедергілерді төмендету үшін көптеген шаралар жасалуда.
Осыған орай, мемлекеттік органдардың назарына кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде тексеру жүргізу тәртібі мен негіздерін жеткізу мақсатында, төмендегі заң талаптарын түсіндіремін.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі (бұдан әрі - Кодекс) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Кодекстің 134-бабының талаптарына сәйкес мемлекеттік бақылау iшкi және сыртқы болып бөлiнедi. Ішкі бақылауды жүргізу тәртібі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде айқындалады. Ал, сыртқы бақылауды жүргiзу тәртiбi осы Кодекстің 13-тарауының 137-бабында және 2-параграфында айқындалады.
Сыртқы бақылау нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк, тәртiптiк iс жүргiзудi қозғайды не өз құзыретi шегiнде тиiстi талап қою арыздарына бастамашылық жасайды және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолданады.
Кодекстің 137-бабының 3-тармағында тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді: 1) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңына сәйкес, берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүргізілетін тексерулер және 2) жоспардан тыс тексерулер.
Кодекстің 141-бабының 3-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді басқару мақсаттары үшін бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) мынадай тәуекел дәрежелерінің біріне жатқызады: 1) жоғары тәуекел; 2) орташа тәуекел және 3) төмен тәуекел.
Аталған баптың 4-тармағында тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізудің жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен, бірақ жылына бір реттен жиілетпей айқындалады.
Халықтың санитариялық эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы эпидемиялық маңыздылығы жоғары бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізу жиілігі жарты жылда бір реттен жиілетпей айқындалады.
Тәуекелдің орташа дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізудің жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен, бірақ екі жылда бір реттен жиілетпей айқындалады.
Тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізудің жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен, бірақ үш жылда бір реттен жиілетпей айқындалады.
Талаптарға сәйкестігін тексеру осы Кодекстің 141-бабының 4-тармағында белгіленген жиілікпен тәуекелдерді бағалау өлшемшарттары қолданылып жүзеге асырылады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізудің басталғаны туралы тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын оның басталу күнін көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Жоспардан тыс тексеруді жүргізу кезінде бақылау және қадағалау органы тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) тексеру жүргізудің нысанасын көрсете отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталғаны туралы бақылау мен қадағалау субъектісіне хабар беруге міндетті.
Сонымен қатар, бақылау және қадағалау органының бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде тексеру жүргізіледі.
Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркеледі.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 26.12.2019ж. №229 Жарлығының 1-тармағында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын делінген.
Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде тексеру жүргізу кезінде жоғарыда көрсетілген Кодекстің талаптарын сақтау қажет.
Қарақия ауданы
прокурорының орынбасары Нуркен ҚАРЫМСАҚ