Отбасы – қоғамның тірегі

Қазіргі қоғамда отбасы институтына әсер етіп отырған бірнеше өзекті мәселе бар. Олар әлеуметтік, экономикалық, психологиялық және тәрбиелік факторлармен тығыз байланысты. Солардың ішінде отбасылық құндылықтардың әлсіреуі – ұлттық салт-дәстүрді, үлкенді құрметтеу, ата-ананың жауапкершілігі сияқты құндылықтардың төмендеуі отбасы тұрақтылығына ықпал етуде. Жас отбасылар арасында өзара түсіністіктің төмендеуі, жауапкершіліктің жеткіліксіздігі және тұрмыстық қиындықтар отбасының ыдырауына себеп болуда. Тұрмыстық зорлық-зомбылық,  лудомания және интернетке,  нашақорлық пен алкогольге тәуелділік, әлеуметтік -экономикалық жағдай, ақпараттық кеңістіктің  салдары  ажырасу фактілері артуына себеп болып отыр.

 Әйелдерге, балаларға және кей жағдайда қарттарға қатысты зорлық-зомбылық отбасының тұрақтылығына және қоғамның қауіпсіздігіне кері әсер етіп отыр.Соның ішінде ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып алудамыз.  Ата-аналардың жұмысбастылығы, гаджеттерге тәуелділік және тәрбиелік уақыттың азаюы балалардың мінез-құлқы мен құндылықтарының қалыптасуына ықпал етуде. Құмар ойындар мен әлеуметтік желілерге шектен тыс әуестік отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне, қаржылық қиындықтарға және психологиялық мәселелерге әкелуде. Оған қоса  әлеуметтік желілер мен интернеттегі теріс контенттің отбасы мүшелерінің дүниетанымы мен қарым-қатынасына әсері күшейіп келеді. Жас отбасылар ғана емес жағдайы төмен отбасылар үшін  тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық, инфляция және қаржылық тұрақсыздықта шешімін таппаған мәселе.

Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жауапты ата-аналық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, тәуелділіктің және басқа да әлеуметтік кеселдердің алдын алу – қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамның бірлескен жұмысы ғана берік, тәрбиелі әрі жауапты отбасылар санын арттыруға мүмкіндік береді.

Жақсыгүл Шахзадақызы

 

Дата публикации
23 июля 2026