«БЕКІТЕМІН»
«Жаңаөзен қалалық ішкі
саясат бөлімі» ММ басшысы
_____________Д.К. Есенова
«_____»____________2026 ж
ТЕХНИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІК
Тапсырыс беруші: «Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыбы: «Діни экстремизм мен терроризм идеологиясын әшкерелейтін контрпропагандалық материалдарды интернет кеңістігінде таратуға әзірлеу» лоты бойынша үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру аясында қызметтерді мемлекеттік сатып алу.
Осы Техникалық ерекшелік ҚР қоғамдық даму министрінің 2018 жылғы 15 тамыздағы №19 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандартында көрсетілген талаптарды» ескере отырып, «ҚР мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы» ҚР 2005 жылғы 12 сәуірдегі № 36 заңын, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Қоғамдық даму министрінің 2018 жылғы 15 тамыздағы № 18 бұйрығын, «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесін» бекіту туралы және көрсетілетін қызметтің сапалық, функционалдық және техникалық сипаттамаларын көрсетеді.
- Жалпы ережелер
Осы техникалық ерекшелік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында әзірленді.
Жобаны іске асырудың негізгі бағыты – интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы тұрақты ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, қоғамда радикалды көзқарастардың алдын алу, азаматтардың, әсіресе жастардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарды ілгерілету болып табылады.
Қызмет кешенді сипатта жүзеге асырылып, ақпараттық өнімдерді әзірлеуді, оларды тарату мен ілгерілетуді, сондай-ақ аудиториямен тұрақты байланыс орнатуды қамтиды.
- Жобаның мақсаты
Интернет ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы діни экстремизм мен терроризм идеологиясының мәнін ашу, оның қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, қарсы насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және халық арасында ақпараттық иммунитет қалыптастыру.
- Жобаның міндеттері
Жобаны іске асыру барысында келесі міндеттерді орындау көзделеді:
- діни экстремизм мен терроризм идеологиясының мазмұнын, таралу әдістерін және қауіп-қатерлерін кеңінен түсіндіру;
- деструктивті діни ағымдардың белгілерін, олардың қоғамға және жеке тұлғаға тигізетін кері әсерін ашып көрсету;
- жалған діни ұстанымдарды ғылыми және теологиялық тұрғыдан жоққа шығару;
- интернет кеңістігінде сапалы, қолжетімді және түсінікті контрпропагандалық материалдар әзірлеу;
- жастар арасында дұрыс дүниетаным қалыптастыруға ықпал ету;
- қазақ халқының дәстүрлі рухани және мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттау;
- әлеуметтік желілер арқылы халықпен кері байланыс орнату және олардың ақпараттық белсенділігін арттыру.
- Нысаналы топ
Жобаның негізгі нысаналы топтары:
- 14–35 жас аралығындағы жастар;
- әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары;
- діни ақпарат туралы ізденуші азаматтар;
- радикалды идеология ықпалына бейім тәуекел топтары.
- Қызмет мазмұны
5.1 Подкасттарды әзірлеу және тарату
Орындаушы діни экстремизм мен терроризм идеологиясын кері әшкерелеуге бағытталған ақпараттық-ағартушылық подкасттар әзірлеуді қамтамасыз етеді.
Подкасттардың мазмұны:
- террористік және діни-экстремистік ұйымдардың идеологиялық негіздерін түсіндіру;
- олардың қызмет ету тәсілдері мен психологиялық ықпал ету әдістерін талдау;
- деструктивті діни ағым өкілдерінің мінез-құлық ерекшеліктерін көрсету;
- олардың жария мәлімдемелерін ғылыми және логикалық тұрғыдан жоққа шығару;
- қоғамға қауіп төндіретін тұлғалардың жалған беделін төмендетуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын қамтуы тиіс.
Негізгі талаптар:
- әрбір подкасттың ұзақтығы кемінде 20 минут болуы тиіс;
- подкасттар кәсіби деңгейде (дыбыс, бейне сапасы жоғары) дайындалуы қажет;
- ай сайын кемінде 1 подкаст әзірленеді;
- подкаст жалпы саны 8 болуы керек;
- барлық тақырыптар мен сценарийлер Тапсырыс берушімен алдын ала келісіліп бекітіледі;
- дайын өнім Тапсырыс берушіге электрондық форматта ұсынылады.
5.2 Әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу
Орындаушы келесі әлеуметтік платформалар арқылы тұрақты түрде ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізеді:
- Instagram: din-zhanaozen
- Facebook: Жаңаөзен қаласының Қоғамдық даму орталығы
- TikTok: din-zhanaozen
- Instagram: tazaislam.kz
- YouTube: ZHANAOZEN TIMES
Контент бағыттары:
- діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу;
- теріс діни ағымдардың зияны мен қауіптілігі;
- дәстүрлі ислам құндылықтары;
- ұлттық тәрбие, мәдениет және рухани мұра;
- қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту.
Жариялау талаптары:
- апталық жұмыс кестесінде кемінде 5 ақпараттық пост жариялау;
- дайындалған подкасттарды барлық қолжетімді платформаларда жариялау;
- материалдардың мазмұны әртүрлі форматта (бейне, фото, графика, мәтін, reels, stories және т.б. болуы мүмкін) ұсынылуы тиіс.
5.3 Ақпараттық ілгерілету және аудиторияны кеңейту
Орындаушы:
- жарияланған материалдарды мақсатты аудиторияға жеткізу үшін сапалы жұмыстарын жүргізеді;
- әлеуметтік желілердегі парақшалардың танымалдылығын арттыру бойынша заманауи SMM құралдарын қолданады.
Аккаунттарды ілгерілету бойынша:
- Instagram: din-zhanaozen – 10 000 оқырманға дейін жеткізу;
- Facebook: “Жаңаөзен қаласының Қоғамдық даму орталығы” – кемі 5000 оқырманға жеткізу;
- TikTok: din-zhanaozen – кемі 5000 оқырманға жеткізу;
- Instagram: tazaislam.kz – кемі 5000 оқырманға жеткізу;
- YouTube: ZHANAOZEN TIMES – кемі 5000 оқырманға жеткізу;
- Ай сайынғы барлық жарияланған материалдардың қамту статистикасы – 10 000-нан кем болмауы керек (дәлелді статистикалық құжаттарды ұсынуы керек).
5.4 Сценарийлерді келісу
- подкасттардың соңғы нәтижесі алдын ала Тапсырыс берушімен келісіліп барып, жарияланады;
- подкастта келісілмеген материалдарды жариялауға жол берілмейді;
- қажет болған жағдайда Тапсырыс берушінің ұсыныстары мен түзетулері міндетті түрде ескеріледі.
- Есеп беру тәртібі
Орындаушы жобаны іске асыру барысында келесі есептілік түрлерін ұсынады:
- ай сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп;
- есепті ұсыну мерзімі – әр айдың 19-нан кешіктірілмей;
Айлық есеп құрамына:
- жарияланған материалдардың толық тізімі;
- интернет сілтемелері;
- қаралым және қамту көрсеткіштері;
- фото және бейнематериалдар;
Сонымен қатар:
- жобаның қорытынды шығармашылық есебі 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін ұсынылады;
- жалпы 8 айлық есеп және 1 қорытынды есеп тапсырылады.
- Орындаушыға қойылатын талаптар
Орындаушы ұйым:
- ақпараттық-насихаттық немесе әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесіне ие болуы тиіс;
- әлеуметтік желілермен жұмыс істеу тәжірибесі болуы қажет;
- құрамында білікті мамандар (контент-менеджер және теолог) болуы тиіс;
- діни, әлеуметтік және қоғамдық тақырыптар бойынша түсінігі болуы қажет;
- ақпараттық қауіпсіздік және этикалық нормаларды сақтауы тиіс.
- Іске асыру мерзімі
Қызмет көрсету мерзімі – шарт жасалған күннен бастап 2026 жылдың 20 желтоқсанына дейін.