Қоғамдастық жиналыс ХАТТАМАСЫ
№ 05-06/44
Рахат ауылы,
Рахат ауылы әкімі аппаратының акт залы «11» маусым 2025 жыл
Төраға: Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы – Гүлайым Азан.
Қатысқандар: Қоғамдық кеңес мүшелері, Ардагерлер кеңес мүшелері, Рахат ауылындағы жаңадан атау беру бойынша көше бойындағы орналасқан тұрғын үй-жайлардың жалпы тұрғындар саны – 814 адам, Қоғамдастық жиналысына барлығы – 143 адам қатысты.
Хатшы: «Рахат ауылы әкімінің аппараты» ММ бас маманы – Тілекші Джулбаева.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ:
1. Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылының атауы жоқ көшелеріне атау беру туралы
(Г. Азан)
ТЫҢДАЛДЫ:
1.1. Г. Азан – Құрметті жиналысқа қатысушылар! Бүгінгі жиналысымыз Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылының атауы жоқ көшелеріне ресми атау беру мәселесіне арналған. Аталған мәселе елді мекендерді жүйелі дамыту және инфрақұрылымды нақтылау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Рахат ауылы, нақтырақ айтқанда, Мерей шағынауданының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бірқатар атауы жоқ көшелер – атап айтқанда, 50, 53, 61, 63, 64, 67, 70 және 71-көшелерге жаңа атау беру қарастырылады. Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Рахат ауылы әкімінің орынбасары Қазбек Табанбаевтың баяндамасы тыңдалады. Жиналыс барысында сіздерден осы мәселеге қатысты ой-пікірлеріңізді ашық білдіріп, талқылауға белсене қатысуларыңызды сұраймын.
1.2. Қ. Табанбаев – Күн тәртібіндегі ұсынысқа сәйкес, атауы жоқ көшелерге атау беру жұмыстары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 211 бұйрығымен бекітілген «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына» және 2024 жылғы 24 қаңтарда мақұлданған ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға толық сәйкес әзірленді. Атауларды іріктеу кезінде тарихи, ұлттық-мәдени маңызы бар есімдер мен атауларды таңдау басты назарда болды. Бұл – ұрпаққа қалдырар рухани мұра ретінде қаралатын жауапты да маңызды іс.
Рахат ауылы, Мерей шағынауданының солтүстік-шығысында орналасқан келесі көшелерге төмендегі атаулар ұсынылды:
50 көше – Жәумітбай Демегенов көшесі.
Бұл атау – Ұлы Отан соғысы ардагері, ел үшін ерлік көрсеткен азаматтың құрметіне берілмек. Ардагерлер есімін ұлықтау – өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие берудің жарқын үлгісі.
53 көше – Мұрат Мөңкеұлы көшесі. Атақты жырау, философ, қоғам қайраткері Мұрат Мөңкеұлы – тарихи тұлғалар тізіміндегі елеулі есім. Оның шығармашылығы – қазақтың рухани мұрасы.
61 көше – Сұңқар көшесі. «Сұңқар» – еркіндік пен биіктіктің символы ретінде ұлттық дәстүрлі атаулар қатарынан таңдалып отыр. Бұл атау халқымыздың табиғатпен үндес болмысын бейнелейді.
63 көше – Шерхан Мұртаза көшесі. Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза – ұлттық журналистиканың көшбасшысы. Бұл тарихи тұлға есімін беру – оның еңбегіне деген халықтық құрметтің көрінісі.
64 көше – Байтақ көшесі. «Байтақ» – кең, дархан, мол байлық пен кеңістікті білдіретін дәстүрлі ұғым. Халқымыздың кеңпейілді, ашық дүниетанымын сипаттайды.
67 көше – Талғат Бигелдинов көшесі. Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдинов – жастарға үлгі боларлық тарихи тұлға. Бұл есім – ерлік пен батырлықтың символы.
70 көше – Бесшоқы көшесі. «Бесшоқы» – жер-су атауларының қатарына жататын, табиғи-географиялық нысан атауы. Осындай атаулар өңірдің тарихи-географиялық ерекшеліктерін танытады.
71 көше – Қызыладыр көшесі. Бұл да жергілікті жер-су атауларынан алынған атау. «Қызыладыр» атауы жер бедерінің ерекшелігін, топырақ құрамының сипаттамасын білдіреді.
Ұсынылып отырған атаулар қоғамның рухани сұранысына сай, тарихи-мәдени сәйкестігі бар және әдістемелік ұсынымдарға сәйкес таңдалған. Бұл – елді мекеннің мәртебесін көтеретін, ұлттық сана мен тарихты ұлықтайтын маңызды қадам.
Осы аталған атаулар бойынша тұжырымды пікірлеріңізді ортаға салып, ұсыныс-пікірлеріңізбен бөлісулеріңізді сұраймын. Бұл – ортақ шешімді қалыптастыратын маңызды кезең, сондықтан әрбір қатысушының көзқарасы ескерілуі қажет.
2. СӨЗ СӨЙЛЕГЕНДЕР:
2.1. Ботабай Қошанов – Ауылымыздың атаусыз көшелеріне беріліп жатқан атаулар өте орынды деп есептеймін. Құрметті тұлғалардың және туған жерімізге байланысты тарихи атаулар ұсынылған. Бұл – елдік рухты көтеретін, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін дұрыс шешім. Сонымен қатар, алдағы уақытта көше атауына Құрмаш батырдың жанында жүріп, ел үшін күрескен Қошанов Қонақбайдың есімін беруді ұсынамын. Қонақбай ата 1881 жылы дүниеге келіп, 1930 жылы өмірден озған. Маңғыстау өңірінде түрлі қызметтер атқарған, қазақ тарихындағы орны бар тұлға. Бұл ұсыныс – елдік мұратты сақтау жолындағы бастама деп білемін.
2.2. Тоқберген Аманов – Ауылымыздың көшелеріне беріліп жатқан атауларды толық қолдаймын. Жәумітбай Демегенов, Мұрат Мөңкеұлы, Шерхан Мұртаза – халыққа кеңінен танымал, еңбегі еленген тарихи тұлғалар. Осындай ардақты азаматтардың есімін ұлықтау – баршамыз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, осы атауларды ел арасында кеңінен насихаттап, олардың өмірі мен еңбегін жас ұрпаққа таныту жұмыстары ұйымдастырылса деген ұсынысым бар.
2.3. Құттымұратова Сәуле – Мерей шағынауданындағы көшелерге беріліп жатқан атаулар өте орынды. Халыққа жақын, тарихи және рухани мәні зор. Осы ретте, алдағы уақытта көше атауына «Құрмаш батыр» есімін беруді ұсынамын. Құрмаш Тоқабайұлы – Адай көтерілісі кезінде көзге түскен ержүрек тұлға. 1880–1930 жылдары өмір сүрген, КСРО үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған. Қазіргі Ақтау–Жаңаөзен жолының бойында Тоқабай Құрмаш атаның бейіті бар. Құрмаш атамыз – ел үшін жанын қиған мерген батыр. Оның ерлігі ұрпаққа үлгі болуы тиіс.
2.4. Сейтжан Исаберген – Бүгінгі жиында ауыл тұрғындары көше атауларына байланысты маңызды ұсыныстарын ортаға салып, белсенділік танытып жатыр. Барлық ұсынылған атауларды қолдаймын. Сонымен бірге, бір көшеге «Даң Тоқсанбайұлы» есімін беруді ұсынамын. Ол – XVIII ғасырдың соңында өмір сүрген, қазақтың батыс өңірінде танымал күйші, сөз шебері, дәулетті адам болған. Оның атымен байланысты аңыз-әңгімелер ел ішінде сақталған. Қазіргі кезде Бейнеу–Шалқар теміржолы бойындағы Тоқсанбай бекеті орналасқан бұл өңірді кезінде Адай мен Жетірудың бірнеше рулары мекендеген. Даң атамыз – ел қамын жеген, өнер мен салт-дәстүрді ұлықтаған тарихи тұлға. Оның есімі де жас ұрпаққа үлгі боларлықтай.
2.5. Тұрдымұрат Абдрахманов – Рахат ауылының көшелеріне беріліп жатқан атауларды толық қолдаймын. Барлығы да тарихи негізге сүйенген, елге еңбегі сіңген тұлғалар. Алдағы уақытта көше атауына халық арасынан шыққан Абуев Сыражанның есімін беруді ұсынамын. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград, Краснодон және Днепр шайқастарына қатысқан батыр жауынгер. 1919–1986 жылдары өмір сүріп, бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Сонымен қатар, «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері болған. Оның майдандағы ерлігі мен ұстаздық жолы ұрпақ тәрбиесінде маңызды үлгі.
2.6. Тоқберген Аманов – Ұсынылып отырған көше атаулары орынды әрі мағыналы таңдалған. Атаулардың барлығы тарихи немесе ұлттық құндылыққа негізделген. Осы ретте, көше атауларының мән-мағынасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы ақпараттық жұмыстар жүргізілсе деген ұсынысым бар. Бұл – атаулардың ел жадында сақталуына, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз.
2.7. Г. Азан – Ұсыныстарыңыз өте орынды. Расында, әр көшенің атауы болуы қажет және ол атау ел жадында сақталатындай дәрежеде халық арасында кеңінен қолданылуы тиіс. Ұсынылып отырған атаулар – тарихи кезеңдердің бір-бір куәсі, елдің өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани көпір.
Баяндамада таныстырылған атаулар республикалық деңгейде бекітілген тарихи тұлғалар мен жер-су атауларының тізімінен, арнайы комиссия арқылы іріктеліп, олардың өмірбаяндық деректері мен тарихи маңыздылығы ескеріліп ұсынылды.
Мысалы, «Байтақ» атауы – халқымыздың кең-байтақ жерін, татулық пен бірлікті ту еткен ынтымақты ел екенімізді бейнелейтін ұғым. Әрбір ұсынылған атаудың терең тарихи және мәдени мәні бар.
Алдағы уақытта халыққа кеңінен танымал, ел танитын тұлғалардың есімдерін көше атауына беру жөніндегі ұсыныстар да назарға алынып, ономастика жұмыс тобының келесі отырысында қарауға ұсынылатын болады.
Тұрғындардың ой-пікірлері тыңдалып, ұсыныстар ашық дауысқа салынды.
Қорытынды:
Қолдаушылар – 160
Қарсы – 0
Қалыс қалғандар – 0
ҚАБЫЛДАНҒАН ШЕШІМ:
3. Осы хаттамадан туындайтын өзге де шаралардың Заңнамада белгіленген тәртіппен орындалуын, соның ішінде ұсынымның тиісті мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына жолдануын қамтамасыз етуді бақылау өзімде қалады. Қажетті өзге де шаралар қабылдансын.
Жиналыс төрағасы Г. Азан
Хатшы Т. Джулбаева