Жаңаөзен қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын бекіту туралы

Жаңаөзен қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2019 жылғы 19 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025   жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 5.4.4- тарауына сәйкес, Жаңаөзен қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін

2. «Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте:

  • осы қаулыны Жаңаөзен қаласының Әділет департаментінде мемлекттік тіркеуді;
  • осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесі ресми жариялау үшін Жаңаөзен қаласында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарына жіберуді;
  • осы қаулыны  оны ресми жариялағаннан кейін  Жаңаөзен қаласы әкімдігінің  интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

3. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Ж. Қайнарбаевқа жүктелсін.

4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Жаңаөзен қаласы әкімі                                                 А. Қосуақов

 

 

 

Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы

  1. Жалпы ережелер
  2. Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы (бұдан әрі – Реновация бағдарламасы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді.
  3. Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау – Жаңаөзен қаласындағы авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың өмір сүру ортасын жаңартуға және өмір сүруіне, қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы.
  4. Реновация Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен авариялық (ескі) тұрғын үйлерді бұзу және одан азаматтарды көшіру жолымен қалалардың «ескі» орамдарын кешенді қайта жаңартуды көздейді.
  5. Реновация бағдарламасы 2035 жылға дейінгі мерзімге қабылданады және соңғы онжылдықтарда жинақталған қалалық ортаның дамуындағы теңгерімсіздікті жоюға және алдағы 10-15 жылда Жаңаөзен қаласында авариялық тұрғын үй қорының жаппай пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
  6. Реновациялауға жататын объектілердің тізбесі, кезеңдері мен кезектілігі көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс конструкцияларының тозуын, олардың пайдалану талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ сараптама ұйымының қорытындысы негізінде Үй-жайлар иелерінің пікірін ескере отырып айқындалады және оны жергілікті атқарушы орган бекітеді.
  7. Жергілікті атқарушы орган тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын іске асыру үшін уәкілетті ұйымды айқындайды және қаржыландырады.

                                                  

  1. Жаңаөзен қаласында тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын іске асырудың өзектілігі

 

  1. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жаңаөзен қаласының тұрғын үй қоры 262 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде:

 

Үйлер саны

1960-69 ж.ж.

1970-79 ж.ж.

1980-89 ж.ж.

1990-99 ж.ж

2000-2019 ж.ж.

262

60

92

80

9

21

 

Жалпы саны

Ұлутас

Ағаш

262

255

7

 

  1. Жаңаөзен қаласындағы апатты тұрғын үйлердің жағдайы:

01.01.2023 жылғы жағдай бойынша, сараптама ұйымының қорытындысына сәйкес, Жаңаөзен қаласында жалпы ауданы 1313,2 ш.м., 200-ден астам тұрғыны бар 2 тұрғын үй авариялық деп танылды.

Бұл категорияның негізін қызмет ету мерзімі төмен көппәтерлі тұрғын үйлер құрайды. Мұндай үйлердің басым бөлігі тұрғын үйді жекешелендіру кезеңінде күрделі жөндеу жүргізбей немесе оны орындау шығындарын өтемей жеке меншікке берілді. Алдағы уақытта тұрғын үй иелерінде қажетті қаражаттың болмауына байланысты бұл үйлерге күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, бұл олардың одан әрі тозуына әкелді.

 

 

  1. Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасының міндеті

 

  1. Реновация бағдарламасының негізгі міндеті – Жаңаөзен қаласында авариялық тұрғын үй қорының жаппай пайда болуына жол бермеу және сонымен бірге өткен онжылдықтарда жинақталған қала дамуының теңгерімсіздігін түзету және қағидатты жаңа сападағы қалалық ортаны қалыптастыру.

Тұрғын үй қорын сапалы жаңартуды көздейтін Реновация бағдарламасын іске асыру азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді және тұрғын аумақтардың орнықты дамуына, экономикалық, әлеуметтік, өзге де қоғамдық мүдделерді ескере отырып, өмір сүрудің қолайлы ортасын, қоғамдық кеңістікті құруға және аумақты абаттандыруға ықпал етеді, Жаңаөзен қаласының жаңа және қазіргі заманғы келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

  1. Реновация бағдарламасын іске асыру кезінде келесі міндеттерді шешу жоспарлануда:
  • жайлы тұруға, демалуға және жұмыс істеуге бейімделген, аралас функциясы бар қалалық ортаның Жаңа жоспарлау құрылымын құру;
  • энергиялық тиімді көппәтерлі тұрғын үйлерді салу, оларды пайдалану шығындарын азайту;
  • экологиялық жағдайды жақсарту;
  • инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жаңғырту;
  • Жаңаөзен қаласының қазіргі заманғы сәулеттік келбетін қалыптастыру.

 

4.Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын іске асыру тетігі мен тәртібі

 

  1. Бағдарламаны жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру жағдайларын қоспағанда, бағдарламаның әкімшісі болып Жаңаөзен қаласының тұрғын үй басқармасы, Жаңаөзен қаласы әкімдігі атынан уәкілетті ұйым және Бағдарлама әкімшісі – «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі» ММ (бұдан әрі – Уәкілетті ұйым) айқындалатын болады.
  2. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және өзге де көздер есебінен жүзеге асырылуы мүмкін:
  • жеке инвестицияларды, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері арқылы тарту;
  • екінші деңгейдегі банктердің қарыздары;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатын тарту;
  • Реновация бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыру барысында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатудан түскен кірістер.
  1. Қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін бағдарлама әкімшісі реновацияға жататын әрбір тұрғын үй бойынша ақпарат жинауды жүзеге асырады. Жергілікті атқару органның құрылымдық бөлімшелері, аудандық әкімдіктер, орталық органдардың аумақтық бөлімшелері және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ 10 жұмыс күні ішінде әкімшінің сұрау салуы негізінде қажетті ақпаратты беруге міндетті, оның ішінде мұнымен шектелмей:
  • көп пәтерлі тұрғын үйдің (үйдің (пәтерлердің) және жер учаскесінің жалпы алаңы, тұрғындардың саны, ауыртпалықтардың (тыйым салулардың) болуы (болмауы) туралы (аумақтық әділет органдары және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ);
  • жаңа тұрғын үйді абаттандыру үшін қажетті іргелес жер учаскелерімен жер кадастрынан үзінді (Жаңаөзен қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы);
  • тұрғын үйдің қолданыстағы инфрақұрылымы және инфрақұрылым қуаттарын, жақын арадағы сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, кәріз және т.б. қосу нүктелерін ұлғайту мүмкіндігі туралы (Маңғыстау облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы);
  • тұрғындардың тұрғын үйді реновациялау бойынша ұсынылған іс-шараларға қатынасын көрсететін тұрғындардың жалпы жиналысының хаттамасы (реновацияға жататын тұрғын үйлер аумағында орналасқан аудандық әкімдіктер).
  1. Қажетті ақпаратты алғаннан кейін Бағдарлама әкімшісі реновациялауға жататын әрбір тұрғын үйге ақпараттық құжат дайындайды.

Бағдарлама әкімшісі дайындалған ақпараттық құжатты жергілікті атқарушы органмен келісілген интернет-ресурста ашық қолжетімділікте орналастырады.

  1. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажет болған жағдайда Бағдарламаның әкімшісі болып Жаңаөзен қаласының құрылыс бөлімі айқындалатын болады. Бұл жағдайда барлық іс-шаралар тұрғын үйді жаңарту туралы шешім қабылданған сәтте қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
  2. Жеке инвестицияларды тарту бағдарлама әкімшісінің және жергілікті атқарушы органның басқа да жауапты құрылымдарының басым міндеті болып табылады.
  3. Жергілікті атқарушы органның жеке инвесторлармен өзара іс-қимыл жасаудағы уәкілетті өкілі тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын іске асыру үшін Уәкілетті ұйым - «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі» ММ болады.
  4. Әлеуетті инвесторларды тарту үшін интернет-ресурста орналастырылған ақпарат тұрақты негізде бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа да қолжетімді ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.
  5. Әлеуетті инвестор интернет-ресурта орналастырылған ақпараттан басқа объект бойынша қосымша қажетті ақпаратты жазбаша сұратуға құқылы. Мұндай жағдайда бағдарлама әкімшісіне немесе уәкілетті ұйым жергілікті атқарушы органның жауапты басқармалары мен аудандық әкімдіктерінен, орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінен және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-дан қажетті ақпаратты сұратады, олар жазбаша сұрау салу келіп түскен сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндетті.
  6. Әлеуетті инвестор мүдделі болған жағдайда ынтымақтастық туралы меморандум жасасу үшін бағдарлама әкімшісіне немесе уәкілетті ұйымға өтінім береді.
  7. Ынтымақтастық туралы Меморандум барлық жауапты басқармалармен келісілген және тұрғын үйді жөндеу бойынша барлық қажетті іс-шараларды қамтитын аудандық әкімдікпен сәйкес келетін іс-қимылдардың егжей-тегжейлі жоспарын қамтуы тиіс.
  8. Ынтымақтастық туралы Меморандум жасағаннан кейін:
  • реновациялауға жататын тұрғын үйлер аумағында орналасқан аудандық әкімдіктер бағдарлама әкімшісімен бірлесіп, инвестордың қатысуымен әлеуетті инвестор ұсынатын шарттармен танысу үшін көппәтерлі үй тұрғындарының жалпы жиналысын ұйымдастырады. Бұл ретте, егер жиналысқа тұрғын үй пәтерлері меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, жиналыс заңды болып есептеледі;
  • Жаңаөзен қаласының құрылыс бөлімі жөндеуге жататын ескі апатты үйлерді жою (бұзу) бойынша іс-шараларды ұйымдастырады;
  • Жаңаөзен қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы инвестормен бірге жоспарланған тұрғын үйдің эскиздік жобасын әзірлеп, келіседі;
  • «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі» коммуникацияға техникалық жағдай жасау, инфрақұрылымды жүргізу және жобаланатын тұрғын үйге қажетті қуаттарды арттыру бойынша іс-шараларды қабылдайды;
  • Жаңаөзен қаласын сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімі жобаланатын тұрғын үйді салу және абаттандыру үшін қажетті жер учаскелерін уәкілетті ұйымға немесе инвесторға алу және беру бойынша барлық қажетті іс-шараларды қабылдайды;
  • барлық жауапты бөлімдер мен аудандық әкімдіктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінді тұрғын үйді қайта жаңарту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруда барлық рұқсат беру құжаттары бойынша басым тәртіппен көмек көрсету бойынша міндеттемелер қабылдайды.
  1. Тұрғын үй тұрғындарының мақұлдауын алғаннан кейін Бағдарлама әкімшісі әлеуетті инвестормен құрылысқа негізгі инвестициялық келісім жасасуды ұйымдастырады.
  2. Жасалған инвестициялық келісімнің негізінде Бағдарлама әкімшісі инвестормен бірлесіп, тұрғын және тұрғын емес үй-жайдың әрбір меншік иесімен үш жақты келісім жасасады, онда Жаңаөзен қаласы әкімдігінің және Инвестордың құрылыс барысында уақытша тұрғын үйді беру жөніндегі міндеттемелері мен кепілдіктері бекітіледі.

 

5.Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын іске асыры кезіндегі жеке және заңды тұлғалардың тұрғын үй және мүліктік құқықтарының кепілдіктері

 

  1. Реновация бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлердің барлық меншік иелеріне Инвестордың қаражаты есебінен жаңа тұрғын үйдің құрылысы кезеңінде уақытша тұрғын үй немесе тұрғын үй құрылысы аяқталғанға дейін уақытша тұрғын үйді жалға алғаны үшін ай сайынғы ақшалай өтемақы берілетін болады.
  2. Реновация бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлердегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелеріне мынадай талаптарға сәйкес келетін, өтеусіз негізде тең мәнді үй-жайлар берілетін болады:
  • ҚР қолданыстағы тұрғын үй заңнамасының нормаларына сәйкес, берілетін тұрғын үй-жайдағы (тұрғын емес үй-жайдағы) бөлмелердің жалпы ауданы мен саны, босатылатын үй-жайдағы бөлмелердің ауданы мен санынан кем емес;
  • нормативтік құқықтық актілерді белгіленген талаптарға сәйкес жақсартылған әрлеуі бар үй-жай Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген абаттандыру стандарттарына сәйкес келеді;
  • үй-жай Реновация бағдарламасына енгізілген Жаңаөзен қаласының сол ауданындағы көппәтерлі үйде орналасқан.
  1. Балама үй-жайдың орнына Реновация бағдарламасына енгізілген көппәтерлі үйдің иесі ақшалай немесе заттай нысанда баламалы өтемақы алуға құқылы. Бұл ретте баламалы өтемақы мөлшері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталады.
  2. Реновация бағдарламасын іске асыру кезінде азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын құру қамтамасыз етілуі керек, оның ішінде аумақты көркейтуге қосымша талаптар белгілеу, жолдар желісі, автотұрақ, алдыңғы аймақтағы тротуарлар, аулалар мен кварталдар ішіндегі жасыл алаңдар ұйымдастырылу қажет.

Реновация бағдарламасын іске асыру үшін қоныс аударуға арналған монолитті (құрастырмалы – монолитті) көппәтерлі тұрғын үйлердің,  заманауи панельдік конструкциялардан көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қамтамасыз етілуі керек. Мұндай көппәтерлі үйлер энергия үнемдеудің жоғары деңгейіне ие және мобильділігі шектеулі адамдар үшін көппәтерлі үйлерді бейімдеудің заманауи стандарттарына сәйкес келуі керек.

Жаңаөзен қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын бекіту туралы
Дата публикации
09 июня 2023